Қазақстан мен Binance халықаралық төлемдер мен аударымдарға арналған аймақтық есеп айырысу хабын дамыту туралы келісті. Тиісті меморандумға ҚР Ұлттық банкі мен халықаралық компания қол қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұлттық банктің мәліметінше, құжатқа банк төрағасының орынбасары Бинұр Жаленов пен Binance жаһандық кеңсесінің аймақтық даму және операциялық қызмет жөніндегі басшысы Кирилл Хомяков қол қойды. Рәсімге Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов пен Binance негізін қалаушы Чанпэн Чжао қатысты.
Болашақ хаб халықаралық төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға бағытталады, оның ішінде Орталық Азия, ТМД және Шығыс Еуропа елдеріндегі Binance клиенттерінің цифрлық активтермен операциялары бойынша есеп айырысулар да қамтылады.
Жоба аясында Қазақстанда Binance тобының тиісті ұйымын құру және Ұлттық банктің бірінші санаттағы төлем ұйымы ретінде қызметті жүзеге асыруға лицензиясын ала отырып, қажетті инфрақұрылымды жасау жоспарлануда, деп атап өтті елдің орталық банкінде.
Қазақстанда жобаны іске қосу цифрлық активтерді реттеу саласындағы реформалар мен қаржы нарығының жаңа субъектісі – бірінші санаттағы төлем ұйымын енгізуден кейін мүмкін болды. Жаңа ережелер халықаралық компаниялардың қатысуын кеңейтуге және инновациялық төлемдік және қаржылық сервистерді дамытуға мүмкіндік береді.
Binance жаңа реттеу аясында жобаны іске асыра бастаған алғашқы жаһандық компаниялардың бірі болды. Binance-тің аймақтық операцияларының бір бөлігі Қазақстанға ауыстырылады деп күтілуде. Бұл компанияның аймақтағы клиенттерінің едәуір бөлігіне қазақстандық юрисдикция арқылы қызмет көрсетуге, сондай-ақ елге халықаралық технологиялық құзыреттерді тартуға мүмкіндік береді.
Ұлттық банкте жоба цифрлық қаржылық қызметтер экспортын дамытуға және Қазақстанның цифрлық қаржы технологияларының аймақтық орталығы ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді деп санайды. Меморандумға қол қою Қазақстанның цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту және елдің жаһандық қаржы жүйесіне интеграциялануы жолындағы тағы бір қадам болды.


