Қырғызстан астанасындағы «Бішкек-Арена» стадионында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жиынға 50 мыңнан астам көрермен жиналды, деп хабарлайды infohub.kz.
Шараға 17 мемлекеттің президенттері қатысты. Қазақстан туын көтеру құрметі ұлттық құрама капитаны, көкпардан әлем чемпионы Тұрғанбек Құрманбекке жүктелді.
Ойындарда Қазақстан құрамасын 152 спортшы таныстырады. 43 спорт түрінен жарыстар 1 қыркүйекте басталып, үш спорт нысанында және Шолпонатадағы Қыршын жайлауында өтеді.
Бағдарламаға көкпар, көк-бөрі, қазақ күресі және басқа да ұлттық дисциплиналар енгізілген. Жарыстардың бір бөлігі Qazsport телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Қазақстан Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті республикада 11 ұлттық спорт түрі басым бағытқа жатқызылып, олимпиадалық түрлермен теңестірілгенін еске салды. Олар: қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, бәйге, теңге ілу, құс салу, асық ату, дәстүрлі садақ ату және жекпе-жек.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми ашылу рәсіміне қатысқаны хабарланған болатын. Ойындар Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтіп, оған 100-ден астам елден 3 мыңға жуық спортшы қатысуда.


