Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Bloomberg шулады: Қазақстанның екі тау-кен алпауыты сатылуы мүмкін

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, қазақстандық құрылыс саласының ірі өкілдері — Шахмұрат Мүтәліп пен Нұрлан Артықбаев еліміздің стратегиялық нысандарынан үлес алуды көздеп отыр. Әңгіме тау-кен саласының алпауыттары "Казцинк" пен "Қазақмыс" корпорациялары жайлы.

Беделді басылымның инсайдерлік дереккөздеріне сүйенсек, Integra Construction KZ компаниясының иесі Шахмұрат Мүтәліп Glencore халықаралық трейдерінен "Казцинктің" 70% үлесін сатып алу бойынша келіссөз жүргізуде.

Ал Qazaq Stroy құрылтайшысы Нұрлан Артықбаев "Қазақмыс" корпорациясын өз қолына алуы мүмкін деген болжам айтылды.

Алайда, Bloomberg дереккөздері әзірге нақты келісім жоқ екенін ескертеді. Баға мен төлем шарттары әлі толық бекітілмеген, сондықтан мәміле соңғы сәтте жүзеге аспай қалуы да ғажап емес.

Жаңа "қожайындар" кімдер?

Бүгінде "Қазақмыс" тобының негізгі бақылаушысы — Владимир Ким (70% үлес). Ол Forbes тізімінде Қазақстанның ең бай адамдарының үштігіне кіреді, байлығы 5,7 млрд долларға бағаланған. Қалған 30% үлес Эдуард Огайға тиесілі.

Ал "Казцинктің" негізгі иесі — швейцариялық Glencore (69,74%). Қалған 29,82%-ы мемлекеттік "Тау-Кен Самұрық" компаниясының еншісінде.

Енді сахнаға шыққан жаңа есімдерге тоқталсақ:

  • Нұрлан Артықбаев — Qazaq Stroy құрылыс компаниясының негізін қалаушы. Байлығы 228 млн долларға бағаланып, еліміздің ең бай 50 бизнесменінің қатарына кіреді. Ол жақында ғана "Ақтөбе" футбол клубының инвесторы атанды және "Қазақтелеком" акцияларының бір бөлігіне иелік етеді.

  • Шахмұрат Мүтәліп — Integra Construction KZ иесі. Бұл компания теміржол және автожол құрылысымен, ірі инфрақұрылымдық жобалармен айналысады.

Тараптар не дейді?

Отандық БАҚ өкілдері аталған компанияларға ресми сауал жолдаған. Qazaq Stroy компаниясы бұл ақпаратқа қатысты шұғыл жауап берді.

«Қазіргі кезеңде біз қандай да бір келісімдердің бар-жоғын растай да, жоққа шығара да алмаймыз. Ірі бизнес өкілдерінің арасында түрлі келіссөздер жүруі заңдылық, бірақ нақты нәтиже туралы айтуға әлі ерте. Бұл ақпараттар нарықтағы алыпқашпа сөз болуы да мүмкін», — деп мәлімдеді компания өкілдері.

Сонымен қатар, Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаевтың қазіргі таңда құрылыстан бөлек, телекоммуникация және өндіріс салаларына инвестиция салу мүмкіндіктерін қарастырып жатқаны айтылды.

Ал Glencore компаниясы "түсініктеме бермейміз" деп қысқа қайырған.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама