Астанадан ұшатын жолаушыларға әуежайға алдын ала шығу ұсынылды. Себебі халықаралық «Болашақ ойындары — 2026» өтуіне байланысты кептеліс пен жолдардың уақытша жабылуы күтілуде, деп хабарлайды infohub.kz.
29 шілдеден бастап елорданың кейбір көшелерінде көлік қозғалысы шектелуі мүмкін, оның ішінде әуежайға апаратын жолдар да бар. FlyArystan әуекомпаниясы жолаушыларға жол жағдайын алдын ала тексеріп, сапарға қосымша уақыт бөлуге кеңес береді.
«Әуежайға уақытылы келіп, ұшу алдындағы рәсімдерден асықпай өту үшін ішкі рейстерге ұшар алдында кемінде екі сағат, халықаралық рейстерге кемінде үш сағат бұрын жетуді ұсынамыз», — делінген әуекомпанияның баспасөз қызметінің хабарламасында.
FlyArystan компаниясы сондай-ақ жолаушының әуежайға уақытылы келуіне өзі жауапты екенін еске салды. Кептеліске байланысты кешігу рейсті кешіктіруге негіз болмайды.
Бұған дейін 29 шілде мен 9 тамыз аралығында елордалық полицияның «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі кезінде күшейтілген режимде жұмыс істейтіні хабарланған болатын. Цифрлық технологиялар мен дәстүрлі спортты бірыңғайластыратын жарыстарға әлемнің үздік спортшылары, халықаралық делегациялар, жанкүйерлер мен туристер келеді деп күтілуде.


