Бозжыра шатқалында түсірілген жанжалды видео ресми тексеріске ұласты: Маңғыстау облыстық полиция департаменті камераға дәрет сындырған шетелдік қыздың жеке басын анықтап, материалдарды Сыртқы істер министрлігіне жолдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Канадалық видеограф Olessia Pliousnina лақап атымен тараған кадрлар бұған дейін әлеуметтік желілерде пайда болған. Онда қыз Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалының аумағында дәрет сындырады. Instagram-дағы түпнұсқа жазба қазір қолжетімсіз, ал оның парақшасындағы видеоны Halyqstan Telegram-арнасы жариялаған.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті видеожазбаны әлеуметтік желілерден тапқанын мәлімдеді. Құқық қорғаушылар шетелдік азаматшаның жеке басын анықтап, оның әрекетін ұсақ бұзақылық деп саралады.
«Полиция қызметкерлері осы құқық бұзушылықты жасаған шетелдік азаматшаның жеке басын анықтады. Тексеру барысында көрсетілген бейнематериалдардың ол Қазақстан аумағынан шыққаннан кейін жарияланғаны белгілі болды. Жасалған құқық бұзушылық бойынша материалдар тиісті дипломатиялық өкілдікке жеткізу үшін Сыртқы істер министрлігіне жолданды», — делінген хабарламада.
Айтпақшы, полиция хабарлағандай, қазіргі таңда жариялау жүргізілген әлеуметтік желідегі аккаунт жойылып, қолжетімсіз болып тұр.
«Маңғыстау облыстық полиция департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасын мүлтіксіз сақтау қажеттігін еске салады. Кез келген қоғамдық тәртіп бұзушылық үшін жауапкершілік қарастырылған», — деп қосты ДП-да.
Бұған дейін біз мәдениет вице-министрінің Бозжырада дәрет сындырған шетелдік қыз туралы пікір білдіргенін жазған болатынбыз.


