Қанат Бозымбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметін жалғастырады. Тиісті жарлыққа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақорданың ресми хабарламасында: «Мемлекет басшысының Жарлығымен Бозымбаев Қанат Алдабергенұлы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалды», — делінген.

Премьер-Министр сайтындағы мәліметке сәйкес, Қанат Бозымбаев 1969 жылы Алматыда дүниеге келген. Ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1993 жылы коммерциялық ұйымда экономист болып бастаған. 1994-1997 жылдары Алматы әкімінің көмекшісі қызметін атқарған. 1997 жылы сауда-өндірістік бірлестіктің экономикалық мәселелер жөніндегі директоры және ҚР Экономика және сауда министрлігінің өңірлік саясат бөлімінің бастығы болған.

1997-1998 жылдары — «ҚазТрансОйл» мұнай тасымалдау ұлттық компаниясы» АҚ-ның жиынтық-қаржы департаментінің директоры, экономикалық мәселелер жөніндегі вице-президенті. 1998-2000 жылдары — ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің мұнай және газ департаментінің директоры.

2000 жылы ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрінің орынбасары болды. 2001 жылы — «KEGOC» АҚ-ның бірінші вице-президенті, ал 2001-2007 жылдары осы компанияның президенті қызметін атқарды. 2007-2008 жылдары «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдинг» АҚ басқарма төрағасы болды, кейін 2008-2009 жылдары «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы қызметіне қайта оралды.

2009-2013 жылдары Жамбыл облысының әкімі, 2013-2016 жылдары Павлодар облысының әкімі болды. 2016-2019 жылдары ҚР Энергетика министрі қызметін атқарды. 2019-2021 жылдары — ҚР Президентінің көмекшісі. 2021-2022 жылдары — Алматы облысының әкімі. 2023-2024 жылдары — ҚР Президентінің кеңесшісі. 2024 жылдың 31 наурызынан бастап ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып табылады.