Ұлыбританияда дәрігерлер алғаш рет ауыр туа біткен ақауды түзету үшін нәрестеге оның дүниеге келгенге дейін ота жасады. Бұл оқиға әлемдік медицинадағы маңызды қадам болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шаранада гастрошизис ауруының күрделі түрі анықталды — бұл ішектің құрсақ қуысынан тыс жерде қалыптасуы. Ақау жүктіліктің 20-аптасында анықталды. Әдетте мұндай балаларға туғаннан кейін бір немесе бірнеше ота жасалып, реанимацияда ұзақ емделу және ұзақ қалпына келу кезеңі қажет болады. Кейбір науқастарда өмір бойы ішекпен байланысты елеулі проблемалар сақталады.
Бұл жағдайда болашақ анаға халықаралық клиникалық зерттеуге қатысу ұсынылды. Жүктіліктің 26-аптасында операция АҚШ-тағы Техас балалар ауруханасында (Texas Children’s Hospital) Лондондағы Great Ormond Street Hospital мамандарымен бірлесіп жасалды. Хирургтар кішкене кесу арқылы жатырға қол жеткізіп, амниотикалық сұйықтықты уақытша көмірқышқыл газымен алмастырып, ішекті құрсақ қуысына мұқият қайтарды. Содан кейін жатырды жауып, жүктілік қалыпты жалғасты.
Отаға дейін бірнеше апта бұрын шаранаға құрсақ қабырғасының бұлшық еттеріне ботулотоксин егілді, бұл тіндерді босаңсытып, операцияны жеңілдетуге көмектесті.
Тео деп аталған ұл бала шамамен үш айдан кейін дүниеге келді. Туғаннан кейін ол бірден емшек сүтін іше алды, екінші күні толықтай табиғи тамақтануға көшті, ал төртінші күні үйіне шығарылды. Дәрігерлердің айтуынша, қазір бала қалыпты дамып келеді.
Мұндай операцияның басты артықшылығы — ішекті туғанға дейін қорғау. Ол құрсақ қуысынан тыс жатқанда, амниотикалық сұйықтық оны біртіндеп зақымдайды. Егер ішекті жүктілік кезінде орнына қайтарса, асқыну қаупі айтарлықтай төмендейді.
Тео — әлемде үшінші, ал Ұлыбританияда осындай операция жасалған алғашқы бала. Әдіс әзірге эксперименталды күйінде қалып, клиникалық сынақтардан өтуде.


