Алматы облысының Боралдай ауылында Carlsberg Kazakhstan компаниясының жаңа алкогольсіз сусындар зауыты салтанатты түрде іске қосылды. Кәсіпорынға салынған инвестиция көлемі $344 млн-ды құрады, ал оның қуаты жылына 1 млрд литрге дейін сусын шығаруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Өнім PepsiCo компаниясының лицензиясы бойынша өндіріледі. Сусындарды тек қазақстандық нарыққа ғана емес, ТМД елдеріне де экспорттау жоспарлануда — бұған дейін экспорт бағыттарының қатарында Қырғызстан бар екені хабарланған.

«Қазақстан мен Дания географиялық тұрғыдан бір-бірінен алыс орналасқанымен, бұл бірлескен жұмысқа кедергі емес. Жаңа кәсіпорынның ашылуы — соның айқын дәлелі әрі болашаққа салынған ортақ инвестиция. Зауыт сондай-ақ сауда көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және өндіріске жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді», – деді ашылу рәсіміне қатысқан Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен.

Бірінші кезеңде әртүрлі дәмдегі сусындар шығарып, оларды қаптайтын бес өндірістік желі іске қосылды. Болашақта кәсіпорынның логистикалық инфрақұрылымын, оның ішінде қойма қуатын және дайын өнімді тасымалдау жүйесін дамыту жоспарлануда.

Зауытқа шикізат жергілікті өндірушілерден сатып алынады, бұл өнім құнын төмендетуге ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар кәсіпорында энергия үнемдейтін технологиялар енгізілген.

Еске салайық, Алатауда PepsiCo компаниясының тұздалған жеңсік ас өндіретін зауыты да салынып жатыр. Оны 2026 жылдың маусымында ашу жоспарланған. Толық қуатқа шыққанда кәсіпорын жылына 210 мың тоннаға дейін картоп өңдеп, 70 мың тонна чипсы шығарады.