«Атырау» футбол клубы бас жаттықтырушы Владимир Чебуринмен ынтымақтастықты тоқтатқанын ресми түрде хабарлады. Қазақстандық маман өз кетуіне қатысты бейнеүндеу жазып, пікір білдірді, деп хабарлайды infohub.kz.
Чебурин биылғы жылдың наурыз айында «Атырау» командасын басқарған болатын. Оның жетекшілігімен команда Қазақстан премьер-лигасында 19 ойын өткізіп, 19 ұпай жинап, турнир кестесінде 13-орынға тұрақтады. Бапкердің айтуынша, тараптар өзара келісім бойынша ажырасқан.
«„Атырау“ басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Берілген мүмкіндіктер үшін рахмет! Мен басқа адамдардың командасына келдім, басшылық ауысты. Қазіргі жағдай осындай. Барлық бапкерлік штабқа, ұзақ уақыт бойы менімен бірге болған ойыншыларға рахмет», — деді Чебурин.
Өз кезегінде клуб 61 жастағы маманға «жұмысы, кәсібилігі және командаға қосқан үлесі» үшін алғыс білдірді. «Бірге өткізген уақыт, жеңістер мен қиын сәттер клуб тарихының бір бөлігі болып қалады. Владимир Николаевичке сәттілік, мықты денсаулық және болашақ мансабында жаңа жеңістер тілейміз!» — делінген «Атырау» мәлімдемесінде.
Жаңа бас жаттықтырушының аты әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Инсайдерлердің ақпаратына сүйенсек, бірнеше күн бұрын Түркістанның «Тұран» командасының бапкерлік штабында ассистент қызметінен кеткен Самат Смақовтың тағайындалу ықтималдығы жоғары.


