Алматыда FIDE World University Team Chess Championship-2026 университеттер арасындағы командалық әлем чемпионаты аяқталды. Жарыста Екатеринбургтегі Орал мемлекеттік тау-кен университетінің командасы жеңіске жетті. Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Финалдық кездесуде Екатеринбург пен Сент-Луис командалары сегіз партияның алтауында тең ойнады. Ресейліктердің жеңісіне халықаралық шебер Лия Гарифуллина шешуші үлес қосты. Ол америкалық әйелдер гроссмейстері Талия Кервантес-Ландейроны екі рет жеңді.
Қола медаль үшін өткен матч турнирдің нағыз көркіне айналды. Бірінші турда жеңілген қазақстандық шахматшылар екінші турда реванш алды. Негізгі уақыт тең аяқталды, блиц те тең болды. «Армагеддон» форматындағы суперблицте Қазыбек Нөгербек үндістандық гроссмейстер Адити Самантты жеңіп, командасына қола жүлдені әкелді.
Чемпионатты ұйымдастырушылар — ФИДЕ, ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі. Бас серіктестер — Freedom компаниялар тобы және «Шапағат» корпоративтік қоры.
Турнирдің жүлде қоры 50 мың еуроны құрады. Ресейлік жеңімпаздар 25 мың еуро, америкалық вице-чемпиондар 15 мың еуро, ал қазақстандық команда 10 мың еуро алды.


