Соңғы 20 жылда ауадағы көмірқышқыл газының концентрациясының артуы адам қанының биохимиясында өзгерістерге әкелгенін австралиялық зерттеушілер анықтады. «Air Quality, Atmosphere and Health» журналында жарияланған деректерге сәйкес, қандағы гидрокарбонат деңгейі жоғарылап, кальций мөлшері төмендеген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Австралияның балалар зерттеу институтының доценті Александр Ларкум әріптестерімен бірге 1999 жылдан бастап АҚШ-тың жеті мыңнан астам тұрғынының медициналық көрсеткіштерін талдады. Жиырма жыл ішінде қатысушылардың қанындағы гидрокарбонаттың орташа деңгейі шамамен 7 пайызға өскені анықталды, бұл атмосферадағы көмірқышқыл газының өсу динамикасын көрсетеді. Сонымен қатар, ағзадағы кальций мен фосфор көрсеткіштері төмендеген.

Гидрокарбонат қышқыл-сілтілік тепе-теңдікті сақтау үшін қажет. Оны жинақтай отырып, ағза артық көмірқышқылды өтеп, рН деңгейін тұрақты ұстайды. Зерттеу авторлары қазіргі үрдіс сақталса, алдағы 50 жылда гидрокарбонат көрсеткіші норманың жоғарғы шегіне жақындауы мүмкін екенін ескертеді.

Зерттеушілер атмосферадағы CO2 өсуін тек климаттың өзгеру факторы ретінде ғана емес, адам денсаулығына ұзақ мерзімді қауіп ретінде де қарастыруға шақырады.