- 13 қаң. 2016 00:00
- 286
Дәм татыру
Қазақтар асты дәм деп атайды. Халық арасында біреуді еске алғанда: «Дәмдес болып едік. Үйінен дәм татып едік», - деп, ренжігенде, өкпелегенде: «Дәм-тұзым атсын! Дәм-тұзыма салдым», - деп айтқан сөздерінің ұлт ұғымында өзіндік орны бар. Өйткені әр қазақ өздерінің жақындары мен туыс-жекжатттарына ғана емес, ел сыйлаған құрметті азаматтарына, қадірлі ақсақалдарына, аналарына өз үйінен дәм татыруды үлкен мұрат, парыз деп санаған. Ол жолдан күні бүгінге дейін танған жоқ. Тек таныстар емес, үйге келген кез-келген жолаушы, бейтаныс кісіге де дәм татырмай жібермеген, себебі ұлт ұғымында дәмде кие, қадір-қасиет, ырыс, береке-бірлік, тірлік бар деген терең түсінік тым ертеден-ақ қалыптасқан.
Дәм татырудың қоғамдық, әлеуметтік істерде маңызы зор болған. Ең алдымен, әдейі шақырып, дастарқанынан дәм татыру – ата салт, қазақы әдеп, жол жоралғы. Екіншіден, ол – сыйлаудың, құрметтеудің, көңіл білдірудің айғағы. Үшіншіден, қай жерде болмасын, қай уақытта болмасын, сыйлас, қамқор, тілектес бола жүрудің кілті. Ел дәстүрі бойынша дәмдес болған адамдар бір-біріне қиянат жасамайды, жоғалғанын іздеседі, табысына қуанып, қайғысына ортақтасады.
Бұл – ғасырлар бойы санаға сіңген салиқалы салт. Демек, дәм татыру, дәм тату – адамгершілік, достық, бірлік белгісі. Бұл жақсы үрдіс халықпен бірге жасайды.