Қазақстан үкіметінде кадрлық өзгеріс: Дархан Мырзабаев өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Мырзабаев Дархан Тлеубердіұлы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі лауазымына тағайындалды, деп мәлімдеді үкіметтің баспасөз қызметі.

Жаңа вице-министр 1989 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Ол К. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Мұнай және энергия көздерінің ұлттық жоғары мектебін (Франция), Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Қаржы университетін, сондай-ақ Қытай-Еуропа халықаралық бизнес мектебін бітірген.

Дархан Мырзабаев еңбек жолын Алматыдағы «PGS Kazakhstan» ЖШС-де геофизик-стажер болып бастаған. 2012–2015 жылдары Лондондағы Schlumberger Ltd компаниясында аға далалық геофизик болып жұмыс істеген. 2015–2019 жылдары «Тарбағатай Мұнай» ЖШС барлау және игеру департаментінде кіші инженер және кен орындарын игеру инженері лауазымдарын атқарған. 2020 жылы Amazon EU S.A.R.L компаниясының бағдарлама менеджері болған.

2021–2022 жылдары «Эрнст энд Янг консультациялық қызметтер» ЖШС-де аға кеңесші болып жұмыс істеген. 2022–2023 жылдары Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы міндетін атқарушы және басшысы лауазымдарын атқарған. 2023 жылы «CSI Stat» ЖШС-нің менеджері болған. 2024 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің инновацияларды дамыту департаментінің директоры міндетін атқарушы, содан кейін директоры болып тағайындалған. 2024–2025 жылдары сол министрліктің жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары болған.

2025 жылғы қазаннан бастап жаңа тағайындауға дейін Үкімет аппаратының жасанды интеллект және цифрлық трансформация бөлімін басқарған.