Қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев жерлестеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Оның сұхбаты «Бернли» клубының YouTube-арнасында жарияланды.
«Қайрат» түлегі маусым айында алматылық клубтан кетіп, ағылшындық «Челсиге» ауысқан еді. Ол лондондықтар сапында маусым алдындағы дайындықтан өтіп, кейін бір жылдық жалдау негізінде «Бернлиге» жіберілді.
Екі клубтың да әлеуметтік желілерінде қазақстандық жанкүйерлер Сатпаевты белсенді қолдады. «Бернли» баспасөз қызметіне берген сұхбатында 18 жастағы футболшы оларға арнап жылы лебізін жеткізді.
«Мұндай қолдау үшін үлкен рахмет! „Челсиде“ маусым алдындағы дайындықтан өтіп жүргенімде, олар әр ойында, әр жазбаның астында мені қолдап отырды. Менің осындай тамаша адамдарым бар екеніне қуаныштымын. Мен оларды жақсы көремін, өйткені бұл — менің елім. Солар үшін мен еуропалық футболға лайықты екенімізді дәлелдейтін боламын», — деді Сатпаев.
Ол «Бернли» жанкүйерлерінің де қолдауын сезінетінін атап өтті. Футболшы командаға Чемпионшиптен Англия Премьер-лигасына қайта оралуға көмектеспек.
«Менің ауысуыма жанкүйерлердің қуанышты екеніне өте ризамын. Енді оларға және өзіме клубтың Премьер-лигаға қайта оралуына көмектесе алатынымды дәлелдеуім керек. Мен мұны жасаймын», — деді Сатпаев.
Қазақстандық ойыншы әзірге «Бернли» сапында алаңға шыққан жоқ. Бұл 23 тамызда, команда Чемпионшиптің екінші турында «Вест Бромвичпен» қонақта ойнағанда орын алуы мүмкін. Матч Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады.
«Мен бұл сәтті асыға күтемін. Ең жақсы жаттығу — бұл ойын деп ойлаймын. Футболшылар бір апта бойы дәл осы матчты күтеді. Мен де дебютімді күтіп жүрмін. Біз үш ұпай алуға тырысамыз. Жанкүйерлеріміздің қолдауымен жеңіске жететінімізге сенімдімін», — деп атап өтті Сатпаев.
Чемпионшиптің бірінші турында қазақстандық ойыншы «Бернли» өтініміне енбеді. Онсыз команда 0:2 есебінен қалпына келіп, «Вест Хэммен» матчта 2:2 есебімен тең ойнады.


