18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев лондондық «Челсимен» келісімшартқа отырған соң жақын арада «Бернлиге» жалға беріледі, деп хабарлайды infohub.kz.
BBC дерегінше, Сатпаев Чемпионшип клубының орналасу орнына келіп үлгерген және мәміле рәсімделмес бұрын медициналық тексеруден өтуі тиіс. «Бернли» жалдау мерзімін мүмкіндігінше тез аяқтауды көздеп отыр. Қазақстандық футболшы «Терф Мур» стадионына жол тартқан, ал медициналық тексеру команданың Чемпионшиптегі жаңа маусымдағы алғашқы ойынына дейін өтеді деп күтілуде.
Ауысу Сатпаев «Челсидің» толыққанды ойыншысы ретінде ресми тіркелгеннен кейін бірнеше күн ішінде жүзеге асуы мүмкін. 12 тамызда, 18 жасқа толған күні, қазақстандық лондондық клубпен алты жылдық келісімшартқа отырды, тағы бір маусымға ұзарту мүмкіндігімен. «Қайраттан» ауысу 2025 жылдың басында алдын ала келісілген болатын. Бонустарды қосқандағы трансфер сомасы 4,3 млн еуроға бағаланды.
Сатпаев «Челси» сапында маусым алдындағы дайындық кезінде ойнап үлгерді. Қазақстандық трансфер ресми рәсімделмей тұрып-ақ жаңа командаға қосылды – «Қайрат» оған «Челсимен» маусым алдындағы дайындықтан мерзімінен бұрын өтуге рұқсат берді. Лондондықтардың бас жаттықтырушысы Хаби Алонсо Сатпаевты Аустралия мен Азия бойынша турнеге тартты.
Шабуылшы үшін ең жарқын сәт алғашқы матч болды. «Вестерн Сидней Уондерерс» командасына қарсы ойында Сатпаев негізгі құрамда шығып, алтыншы минутта-ақ «Челсидің» маусым алдындағы алғашқы голын соқты. Қазақстандық алаңда 63 минут өткізді, ал лондондықтар 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Алайда кейін оның ойын уақыты қысқарды. «Тоттенхэммен» матчта Сатпаев 69-минутта алаңға шықты, «Ювентуске» қарсы да ауысыммен ойнады, ал «Миланмен» кездесуді қосалқы құрамда өткізді.
Азиялық турненің қорытынды ойынында малайзиялық «Джохор Дарул Тазимге» қарсы қазақстандық тек соңында алаңға шығып, қосылған уақытты есептегенде сегіз минут өткізді. Матч 3:3 есебімен аяқталды.
Осылайша, турнедегі бес матчта Сатпаев төрт рет алаңға шықты, бірақ тек бір рет негізгі құрамнан бастады. Оның еншісінде бір соғылған доп бар.
«Бернли» өткен маусым қорытындысы бойынша Англия Премьер-лигасынан шығып қалды және 2026/27 маусымын Чемпионшипте өткізеді. Жаңа чемпионаттағы алғашқы ойынын команда 16 тамызда өз алаңында АПЛ-дан да шығып кеткен «Вест Хэмге» қарсы өткізеді. Матч «Терф Мур» стадионында өтеді.
Дәл осы ойынға дейін, BBC мәліметінше, Сатпаев медициналық тексеруден өтуі керек. Басылым қазақстандықтың «Вест Хэммен» матчқа қатысу үшін барлық тіркеу процедураларын аяқтара алатынын хабарламайды.
«Бернлидегі» жалдау Сатпаев үшін ағылшын футболындағы алғашқы ресми матчтар тәжірибесі болады. «Челсидің» шабуыл шебіндегі бәсекелестіктен өзгеше, Чемпионшип клубында қазақстандық ересек деңгейде тұрақты ойын тәжірибесіне ие бола алады.
Қазір «Челсиде» жас футболшыларды жалға беру бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. BBC хабарлағандай, осы аптада Райан Кавума-Макуин «Портсмутқа», Реджи Уолш «Уиганға» жіберіледі, ал Шим Мхека да лондондық клубтан уақытша кетуге жақын.
Англияға ауысқанға дейін Сатпаев «Қайраттың» негізгі құрамында 58 матч өткізіп, 26 гол соғып, он нәтижелі пас берді.


