17 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаевтың лондондық «Челси» сапындағы дебюттік голы Аустралияда өткен Sydney Super Cup жазғы турниріндегі ең әдемі гол деп танылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Аустралияның кәсіби футбол лигасы A-League-тің Instagram-дағы ресми парақшасында осы жарыстың үздік голдарының рейтингі жарияланды. Онда бірінші орынды Сатпаевтың «Вестерн Сидней Уондерерс» командасына қарсы ойында соққан голы иеленді. Бұл доп жас форвард үшін ағылшын клубы сапындағы дебюттік гол болды.

Сатпаевтың голынан бөлек, үздіктер қатарына Матис Тельдің «Сидней» қақпасына соққан голы, Айдан Хэммондтың «Челси»-мен ойындағы голы, Дариу Эссугуның «Вестерн Сидней Уондерерс» қақпасына соққан голы және Дилан Циклунаның «Челси»-мен матчтағы голы енді.

Еске сала кетейік, Дастан Сатпаев «Челси» сапында аустралиялық «Вестерн Сидней Уондерерс» клубына қарсы ойында негізгі құрамда алаңға шықты. Кездесудің жетінші минутында-ақ қазақстандық есеп ашты: ағылшындық вингер Райан Кавума-Маккуиннің өткір пасынан кейін ол жоғары жылдамдықпен қарсылас қақпасына бағытталды да, допты қақпаның жоғарғы алыс бұрышына дәл бағыттады.

Бұл матчта лондондықтар аустралиялықтарды 6:4 есебімен жеңді.