Қазақстандық спортшы Давид Дегтярев Манамада өтіп жатқан пара пауэрлифтингтен 2026 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасына екінші алтын медаль әкелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
30 жастағы атлет 54 кг-ға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Үздік әрекетінде ол 192 кг көтеріп, бірінші орынды иеленді. Күміс және қола медальдарды түркиялық Мухаммет Актюрк (180 кг) мен Серкан Чакмаз (176 кг) жеңіп алды. Қазақстанның тағы бір өкілі Ернұр Жаманов топ-10 қатарына енді.
Дегтярев жалпы есепте де үздік атанды — үш әрекеттің қосындысы бойынша. Оның жиынтық нәтижесі 573 кг болды.
Осылайша, қазақстандық спортшы төрт дүркін әлем чемпионы атанды. Бұған дейін ол 2021, 2023 және 2025 жылдары алтын медаль жеңіп алған. Сонымен қатар спортшы соңғы екі Паралимпиадада — Токио-2020 мен Париж-2024 ойындарында жеңіске жеткен.
Бұған дейін Бахрейн астанасында өткен әлем чемпионатында қазақстандық Турсынай Қабыл алтын медаль жеңіп алған. Ол 41 кг-ға дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіске жетті.
49 кг-ға дейінгі дивизионда қазақстандық Ерболат Қарыбай төртінші нәтиже көрсетіп, пьедесталдан бір қадам қалды. Фархат Мутунов есептік әрекеттерді орындай алмады.


