Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі интернатурадан өтуге арналған медициналық мамандықтар тізбесін айқындайтын бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға ұсынды. Құжат ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жобаға сәйкес, жаңа модель кезең-кезеңімен оқытуды көздейді: бакалавриат бағдарламасын меңгергеннен кейін болашақ дәрігерлер интернатурадан өтіп, тәжірибелі әріптестердің жетекшілігімен нақты клиникалық жағдайларда білімдерін бекітеді.
«Интернатура мамандықтарының тізбесін бекіту жас дәрігерлерді практикалық даярлауға бірыңғай тәсілдерді және медициналық білім беру кезеңдері арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді», – делінген негіздемеде.
Құжатта тізбенің өзі келтірілмеген. «Курсивтің» сауалына Денсаулық сақтау министрлігі тізімге барлығы сегіз мамандық енгенін хабарлады. Олардың қатарында: жалпы дәрігерлік практика; терапия; хирургия; педиатрия; балалар хирургиясы; акушерлік және гинекология; стоматология; гигиена және эпидемиология.
Ведомство жобаны іске асыру қазақстандық дәрігерлерді даярлау жүйесін үздік халықаралық стандарттарға жақындатуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, интернатура медиктерге жақсы тәжірибе беріп, олардың кәсібилігі мен дербестігін арттырады.
«Курсив» мамыр айында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың «6+1» жаңа оқыту схемасына көшу туралы хабарлағанын жазған еді. Енді медицина студенттері үшін оқу жоғары оқу орнында алты жыл плюс бір жыл интернатураны құрайды. Сол кезде Әлназарова жаңа модель жас дәрігерлердің жұмысына өте жақсы әсер беретінін атап өткен болатын.


