Тамыз айында ұлттық валютадағы жеке тұлғалардың депозиттері бойынша орташа мөлшерлеме 14,6%-ды, ал заңды тұлғалардың салымдары бойынша 15,7%-ды құрады. Бұл — шамамен бір жылдағы ең төменгі көрсеткіштер. Бұл туралы Ұлттық банк деректеріне сүйеніп, infohub.kz сайты хабарлайды.

Жеке тұлғалардың салымдары бойынша табыстылық төмендеуді жалғастырып келеді. Ұлттық банктің мәліметінше, тамызда депозиттер бойынша орташа мөлшерлеме бір ай бұрынғы 14,7%-дан 14,6%-ға төмендеді. Бұл — 2025 жылдың қазанынан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Ең табысты болып 1-ден 3 айға дейінгі қысқа мерзімді салымдар қала береді, алайда олар бойынша да құлдырау байқалады: тамызда орташа мөлшерлеме 0,2 пайыздық тармаққа төмендеп, 17,7%-ды құрады (мамырдағы ең жоғары 18,1%-бен салыстырғанда). Қалған санаттар бойынша табыстылық бір айда өзгерген жоқ: 3 айдан 1 жылға дейінгі депозиттер бойынша мөлшерлеме 14,6%, ал 1 жылдан 5 жылға дейінгі депозиттер бойынша 14,2% болды.

Бизнес депозиттері бойынша да мөлшерлеме 0,2 пайыздық тармаққа төмендеп, 15,7%-ды құрады. Ал көктемде ол 16,8%-ға жетіп, бірнеше ай қатарынан осы деңгейде ұсталған еді.

1-ден 3 айға дейінгі салымдар бойынша мөлшерлеме 16,2% болып, өткен аймен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа төмендеді. Мамырда ол ең жоғары деңгейде 17,2%-ға жеткен. 1 айға дейінгі санатта мөлшерлеме 0,2 пайыздық тармаққа төмендеп, 15,6%-ды, ал 3 айдан 1 жылға дейінгі салымдар бойынша да 0,2 пайыздық тармаққа төмендеп, 15,8%-ды құрады.

1 жылдан 5 жылға дейінгі депозиттер бойынша бизнеске орташа сыйақысы 15,4% болатын салымдар ұсынылды.

Бұған дейін Қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қоры қазақстандықтардың депозиттерінің табыстылығы 4 қыркүйекте Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеткеннен кейін одан әрі төмендеуі мүмкін деп болжаған болатын.