Сантьягода 11 жасар чилилік әнші Максимо Леон Чилидің дәстүрлі ұлттық биі әрі музыкалық жанры саналатын куэканы Қазақстанға арнап орындады. Kazajistán, pueblo valiente («Қазақстан — айбынды халық») атты композиция Димаш Құдайбергеннің Чилидегі алғашқы концерті қарсаңында шырқалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Өнер көрсету ел үкіметінің резиденциясы орналасқан Ла-Монеда сарайының алдында өтті. Жобаны Максимо Леон мен «Чили — Қазақстан» достық қоғамының қос директоры Кармен Сандовал дайындаған.
Композиция Чилидің ұлттық мерекелері Fiestas Patrias аясында ұсынылды. Сонымен қатар авторлар оны Қазақстанға және Димаштың алдағы концертіне арнады.
Куэка Чили мәдениетінде ерекше орын алады. Оны жұп болып музыка мен әнмен билейді, ал бидің өзі елдің басты символдарының бірі саналады. Кармен Сандовалдың айтуынша, жаңа композиция толығымен басқа елге арналған тұңғыш куэка болды.
«Куэканы билейді, оны жақсы көреді және құрметтейді. Ол біздің тарихымызды, поэзиямызды, дәстүрімізді және халқымыздың төзімділігін жеткізеді. Біздің куэка — бүкіл Қазақстан халқына деген құшағымыз», — деді ол.
Композицияның мәтінін Кармен Сандовал жазды, музыкасын Мундака Антинао әпкелі-сіңлілері жасады. Жобаға Latin Cover Chile мен Coliseo Kids те қатысты, ал жазумен RA Estudio студиясы айналысты.
Димаш Құдайберген Чилиде 24 қарашада алғаш рет өнер көрсетеді. DIMENSIONS туры аясындағы концерт Сантьягодағы Movistar Arena сахнасында өтеді.
Бұған дейін «Курсив» Димаштың жанкүйерлерінің әлем бойынша әртіс турына қалай дайындалып жатқаны туралы жазған.
Димаштың алдыңғы әлемдік концерттік туры Stranger үш жылға созылды: 2022 жылы Алматыда басталып, 2026 жылдың қарсаңында Ригада аяқталды.


