Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Дюссельдорфтегі жеке концертінен кадрлар жариялап, жанкүйерлеріне алғыс білдірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әншінің Германиядағы кеші 24 қазанда DIMENSIONS әлемдік туры аясында өтті. Ол өз шоуына келген көрермендерге ризашылығын жеткізді.

«Дюссельдорф, қуатыңыз, қолдауыңыз бен бұл кешті ерекше еткеніңіз үшін рахмет. Кездескенше!» — деп жазды Димаш Құдайберген.

Әншінің жанкүйерлері жазбаға пікір білдіріп, концерттің керемет өткенін атап өтті. «Бұл нағыз аңызға айналған кеш болды! Біз сені шын жүректен жақсы көреміз және Германия саған жылулық сыйлағанын сезіну біз үшін үлкен мәртебе! Саған керемет тур тілейміз және жақын арада кездесуді үміт етеміз!», «Ерекше әсерлі әрі толқынысты! Құттықтаймын!», «Өткен екі концертіңмен құттықтаймын! Басталуы керемет болды, бірақ ең қызығы әлі алда екенін білеміз — Мехико, күт!» — деп жауап берді қазақстандық әншінің әртүрлі елдегі жанкүйерлері.

Еске салайық, Димаш Краковте феериялық өнер көрсетіп, жаңа әлемдік турын бастаған еді.