Конгоның Буния қаласындағы медицина қызметкерлері бейсенбі күні жалақыларын талап етіп наразылық акциясын өткізді. Олар бірнеше медициналық мекемені тастап кетті. Бұл туралы infohub.kz хабарлайды.
Наразылық білдірушілер Итури провинциясының әкімшілігі алдына жиналды. Айта кетейік, бұл провинцияда елдегі Эбола індетінің 90 пайызға жуығы тіркелген. Олар жалақы мәселесіне байланысты бірнеше апта бұрын басталған наразылықтарға қосылған соңғы топ болып отыр.
Эбола індетіне шалдыққан науқастарға күтім жасайтын медбикелерді қоса алғанда, медицина қызметкерлері індет мамыр айының ортасында жарияланғаннан бері жалақы мен үстемеақы алмағандарын айтты. Наразылық білдірушілердің бірі Эдуиж Макоси: «Істі осылай басқарса, бұл провинцияда Эбола індеті ешқашан аяқталмайды. Біз биліктен барлық деңгейде араласып, тез арада шешім табуды сұраймыз», — деді.
Бұған дейін шенеуніктер төлемнің кешігуін логистикалық мәселелермен түсіндірген болатын. Конго билігі бейсенбі күні талаптарға бірден жауап бермеді. Алдыңғы қатардағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайының нашарлығы індет кезіндегі басты мәселелердің бірі болып отыр. Бұл — тарихтағы екінші ірі індет, ол Конгоның ең шалғай және осал аймақтарының бірінде өршіп тұр. Төлем мәселесінен бөлек, көптеген медицина қызметкерлері мен мекемелер бүлікшілер мен ашулы тобырдың шабуылына ұшырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус сәрсенбі күні Конгоға сапары кезінде билікті індетпен күресушілерге күтім мен қолдау көрсетуге басымдық беруге шақырды. «Дәрігерлер шекарасыз» қайырымдылық ұйымы бұл аптада індеттің «әлі де алаңдатарлық және бұрын-соңды болмаған қарқынмен таралып жатқанын» және қабылданып жатқан шараларға қарамастан, «жұқтыру тізбегін үзу үшін қауымдастықтарға жеткілікті жылдам жетпей жатқанын» мәлімдеді.


