Демократиялық Конго Республикасында Эбола қызбасының ауқымды індеті жалғасуда. Соңғы мәліметтер бойынша, вирус 1600-ден астам адамның өмірін қиды. Осы аяда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы эксперименталды вакциналардың алғашқы сынақтарын рекордтық мерзімде бастау мүмкін болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ДДҰ дерегінше, Конгода 3748 расталған ауру жағдайы және бес провинцияның 49 медициналық аймағында 1657 өлім тіркелген. Шамамен 17 мың байланыста болған адам бақылауда, олардың шамамен 80 пайызы күн сайын тексеріледі.

ДДҰ-ның ғылыми-зерттеу жұмыстарын әзірлеу бағдарламасының уақытша басшысы Васи Мурти эпидемия басталғанға дейін жасалған хаттамалар жаңа емдеу әдістерін тестілеуді жылдамдатуға көмектескенін айтты.

«Бұл індетті алдыңғылармен салыстыратын болсақ, біз сынақтарды тезірек бастай алдық деп айтуға болады. Шынында да, біз алған доклиникалық деректер көңіл көншітеді», – деді ол.

Алайда профессор тек клиникалық сынақтар ғана емдеу әдістері мен вакциналардың тиімділігін анықтай алатынын атап өтті.

Еске салайық, Конгодағы індет биылғы жылдың мамыр айында басталды. Оған Bundibugyo штаммы себеп болды, оған қарсы әзірге вакцина да, арнайы ем де жоқ. ДДҰ вакцинаны әзірлеу мерзімін кемінде алты ай деп бағалайды.

«Курсив» Bundibugyo алғаш рет 2007 жылы анықталғанын және оның белгілі Zaire ebolavirus штаммына қарағанда сирек кездесетінін жазды. Ол аз зерттелген және жоғары өлім-жітіммен байланысты. Қазіргі уақытта емдеу тек демеуші терапиямен және асқынуларды бақылаумен шектеледі.

Эбола ауа-тамшылы жолмен берілмейді. Жұқтыру тек жұқтырған адамның биологиялық сұйықтықтарымен тікелей байланыста болғанда ғана жүреді. Медициналық персоналда қорғаныс шаралары болмаған кезде және науқастарға күтім жасау кезінде қауіп артады.