Қазақстанда Пржевальский жылқысының сирек кездесетін популяциясы толықты: екінші құлын дүниеге келді, деп хабарлайды infohub.kz.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, екінші құлын халықаралық реинтродукция бағдарламасы аясында елге әкелінген Умбра есімді биеден туды. Қазір анасы мен құлыны бірге, мамандар олардың жағдайы мен мінез-құлқын мұқият бақылап отыр.
Ведомствоның айтуынша, екінші құлынның пайда болуы — Қазақстанға әкелінген Пржевальский жылқыларының дала жағдайына сәтті бейімделіп, табиғи жолмен көбейе бастағанын көрсетеді. Бағдарламаның басты мақсаты — табиғи ортада өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын тұрақты популяция қалыптастыру.
Еске салайық, Пржевальский жылқыларын (кертағы) Қазақстанға қайтару 2024 жылы Еуропадан жеті жануар әкелінген кезде басталды. 2025 жылы тағы жеті, ал 2026 жылы сегіз жылқы әкелінді.
Пржевальский жылқысы — Еуразиядағы жабайы жылқылардың соңғы сақталған түрі. ХХ ғасырда ол табиғатта жойылып кетті, бірақ хайуанаттар бағында өсіру арқылы түрді сақтап қалуға мүмкіндік туды. Кейін бұл жылқыларды тарихи мекендеріне қайтара бастады, ал Қазақстан осындай жұмыс жүргізіліп жатқан елдердің біріне айналды.
Пржевальский жылқысының алғашқы құлыны 22 тамызда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы «Алиби» реинтродукция орталығында дүниеге келген еді.


