2024 жылғы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов келесі Олимпиадаға қатысу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Басылымның мәліметінше, Елдос Сметов Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатысуды ұйғарған.

«Төртінші Олимпиадаға бару мүмкіндігі бар. Бұл мүмкіндікті барынша пайдалану үшін үлкен спорттағы карьерамды жалғастыруды шештім. Өйткені қазақта "Алтын тапқан жерді қаз" деген мақал бар. Менің өмірімде алтын тапқан жерім — спорт, дәлірек айтқанда, дзюдо. (...) Мен өзіме тиесілі, маған қажет алтынды алуым керек. Өйткені мен ол үшін алтыннан да қымбат нәрселерімді беремін. Бұл — менің денсаулығым», — деді олимпиада чемпионы Aqyrys Seitqazy YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Еске салайық, Елдос Сметов Қазақстан тарихындағы ең жоғары атақты олимпиадашы атанды: ол Рио-де-Жанейро-2016-да күміс, Токио-2020-де қола, ал Париж-2024-те алтын медаль жеңіп алып, медальдардың толық жиынтығын иеленді.