Бірнеше жыл қатарынан қарқынды өскен Қытайдың электромобиль нарығы бәсеңдей бастады: 2026 жылдың алғашқы жеті айында батареялық көліктердің сатылымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға төмендеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қытайдың жеңіл көліктер қауымдастығының (CPCA) деректері бойынша, жыл басынан бері Қытайда шамамен 4,7 млн электромобиль сатылған. Сұраныстың төмендеуіне ірі өндірушілер де тап болды. Шілдеде BYD ішкі нарықта 239,3 мың көлік сатты — бұл былтырғымен салыстырғанда 9%-ға аз, алайда маусыммен салыстырғанда сатылым 4,9%-ға өскен. Geely-де жағдай ұқсас: маусыммен салыстырғанда сатылым 4%-ға өсті, бірақ жылдық көрсеткіште 29,1%-ға төмендеді. Бұл құлдырау Xpeng, Nio және Li Auto-ға да әсер етті.
Себептердің бірі — мемлекеттік субсидиялардың қысқаруы. Бұрын жаңа көлік сатып алушылар 15 мың юань көлемінде төлем ала алатын. Енді өтемақы көлік құнының 10%-ын құрайды, бірақ 10 мың юаньнан (шамамен 1 млн теңге) аспайды. Ең қолжетімді электромобильдер үшін бұл қолдаудың шамамен 5 мың юаньға азаюын білдіреді. Экономиканың баяулауы мен автокөлік өндірушілер арасындағы баға соғысы қосымша қысым жасауда. Екінші тоқсанда Қытайдың ЖІӨ 4,3%-ға өсті — бұл 2022 жылдың соңынан бергі ең төменгі көрсеткіш.
Қазақстандағы көлік бағасына әсері туралы айту әлі ерте. Сонымен қатар, Carscoops атап өткендей, дәл қазір экспорт BYD мен Geely-ге отандық нарықтағы сатылымның төмендеуін өтеуге көмектесуде. Егер бұл үрдіс жалғаса, шетелдік нарықтар қытайлық өндірушілер үшін одан да маңызды бола түседі. Болашақта бұл Қазақстандағы көлік бағасы мен қолжетімділігіне әсер етуі мүмкін. Қытай брендтерінің жергілікті нарықтағы үлесі артып келе жатқандықтан, жағдайдың дамуын қадағалау маңызды.


