Қазақстанда электрвелосипедтер қуатына қарамастан мопедке теңестірілді. Демек, олармен тротуармен жүру — заң бұзушылық. Бұл туралы үкіметтегі брифингте ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі, infohub.kz сайтына сілтеме жасап.
Журналистер осы көлік түрі әсіресе жасөспірімдер мен балалар арасында кең тарағанына назар аударып, мұндай құрылғылардың жылдамдығы сағатына 30 километрге жететінін ескеріп, олардың тротуармен жүруі қаншалықты заңды екенін сұрады.
«Біз бұл мәселені реттеп қойдық. Электрвелосипедтер қуатына қарамастан мопедке теңестірілді, яғни қазір электрвелосипедпен тротуармен жүруге болмайды, бұл — заң бұзушылық. Бұл норма заң жүзінде бекітілген. Біз оларды да мопед иелері сияқты жауапкершілікке тартамыз», — деді Игорь Лепеха.
Еске салайық, 1 шілдеден бастап Қазақстанда электрсамокаттармен жүрудің жаңа ережелері күшіне енді. Жас шектеуі, куәлік пен сақтандыру талаптары енгізілді.
Алайда сол кезде Ішкі істер министрлігі электрсамокат жүргізушілеріне тағы бір қатаңдықты — 25 тамыздан бастап тротуарлар мен жаяу жүргінші жолдарымен жүруге тыйым салынатынын жариялаған болатын.
Бұрын тротуармен сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етілсе, енді электрсамокаттармен тек велосипед жолдарымен немесе велосипед жолақтарымен, ал олар болмаған жағдайда жүріс бөлігінің оң шетімен, жол жиегімен жүруге болады.


