Президенттің тапсырмасына сәйкес 2027 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 000 теңгеден 110 000 теңгеге дейін өседі. Бұл аз жалақы алатын қызметкерлердің табысын арттырады, алайда кәсіпкерлер мен бизнестің шығыны да ұлғаяды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ең төменгі жалақы (ЕТЖ) — жұмыс берушілердің қызметкерлеріне толық жұмыс айы үшін төлеуге құқығы жоқ шекті деңгей. Ең төменгі мөлшерді белгілеу аз жалақы алатын қызметкерлердің құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ЕТЖ бизнес пен жеке кәсіпкерлер (ЖК) үшін түрлі есептеулерде қолданылады. Сондықтан президенттің оны қазіргі 85 мыңнан 2027 жылы 110 мың теңгеге дейін көтеру туралы тапсырмасы қызметкерлер мен жұмыс берушілерге әртүрлі әсер етуі мүмкін.
Аз жалақы төленетін лауазымдарда еңбек ететін қазақстандықтар көбірек ақша алатын болады. Алайда 110 мың теңге көлеміндегі ЕТЖ қолға тиетін сома (нетто) емес, брутто-мән (яғни міндетті жарналар ұсталғанға дейінгі сома) екенін ескеру қажет. Сондықтан нақты алынатын ең төменгі жалақы бұл сомадан сәл аз болады.
Мысалы, басқа көрсеткіштер өзгермесе, бұл жалақыдан мыналар ұсталуы мүмкін: міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ) — 10% мөлшерінде, яғни 11 мың теңге; міндетті медициналық сақтандыру жарнасы (МӘМСЖ) — 2%, яғни 2 200 теңге; жеке табыс салығы (ЖТС) — МЗЖ мен МӘМСЖ ұсталғаннан кейінгі қалдықтан, сондай-ақ базалық салық шегерімінің сомасын (30 АЕК, 2027 жылы 140 790 теңге) есепке алмай ұсталады. Бірақ ол жалақы қалдығының сомасынан асатындықтан, ЖТС ұсталмайды.
Нәтижесінде жаңа ЕТЖ-мен қазақстандықтардың қолында 96 800 теңге қалады (МЗЖ мен МӘМСЖ-сыз). Салыстыру үшін, 2026 жылы ЕТЖ 85 000 теңге болғанда қазақстандықтарға 74 800 теңге беріледі. Яғни ең төменгі жалақы соңында 12 мың теңгеге артады.
Жеке кәсіпкерлер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) әлеуметтік аударымдарды және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын (ЖБМЗЖ) өз есебінен де, әр қызметкер үшін де төлеуге міндетті. Сондықтан жаңа ЕТЖ-мен олардың шығыны артуы мүмкін. Мысалы, әлеуметтік аударымдар түрлі әлеуметтік төлемдерге құқық береді. Олардың мөлшері жалақының 5%-ын құрайды — ЕТЖ өскенде олар қазіргі 4 250 теңгенің орнына 5 500 теңгеге дейін өседі.
Өз кезегінде қызметкер табысының 4,5%-ы мөлшеріндегі ЖБМЗЖ 2027 жылы 5 050 теңгеге шығады (биыл 3,5% мөлшерлемемен олар 2 975 теңгені құрайды). Осылайша, ең төменгі жалақының өсуі аз жалақы алатын қызметкерлердің табысын арттырады. Сонымен қатар ЖК мен компаниялар олардың еңбегіне ақы төлеуге көбірек шығын жұмсайтын болады.
Еске салайық, ЕТЖ-ның күрт өсуі инфляцияның өсу қаупін де тудыруы мүмкін — бұл туралы бұған дейін талдаушы Андрей Чеботарев айтқан. Ал экономист Руслан Султанов қазақстандықтардың жалақысын көтеруге не "кедергі келтіретінін" түсіндірді.


