Қазақстанның көптеген қаласында бір бөлмелі пәтерлерді жалға берудің өтелу мерзімі ұзарды: былтыр салымды қайтаруға орта есеппен 8 жыл кетсе, қазір 8,2 жыл қажет, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жылжымайтын мүліктің өтелу көрсеткіші жалға беруден түскен табыс бастапқы салымды қанша уақытта қайтаратынын көрсетеді. Теорияда мұндай тәсіл тиімді, алайда пәтерге жұмсалған шығынның қайтуын көп жыл күтуге бәрі дайын емес. Мерзімді есептеу үшін тұрғын үйдің құны оны жалға беруден түсетін жылдық табысқа бөлінеді. Мысалы, пәтер 30 млн теңгеге сатып алынып, айына 250 мың теңгеге жалға берілсе, жылдық табыс 3 млн теңге, ал өтелу мерзімі 10 жыл болады.

Айта кететіні, өтелу мерзімі тұрғын үйдің ауданына тікелей байланысты. «Крыша» порталының мәліметінше, ақшаны ең жылдам қайтаруға бір бөлмелі пәтерді жалға беру мүмкіндік береді, ал үш бөлмелі пәтер ұзағырақ өтеледі. Қазақстанның 20 қаласы бойынша орта есеппен «бір бөлмелінің» өтелуі 8,2 жыл, «екі бөлмелінікі» 9,3 жыл, «үш бөлмелінікі» 10,4 жыл болды.

Салымды ең жылдам қайтаруға Жезқазғанда мүмкіндік бар: бір бөлмелі пәтер 5,3 жылда, екі бөлмелі 6,6 жылда, үш бөлмелі 7 жылда өтеледі. Ең ұзақ күту Түркістандағы тұрғын үй иелеріне түседі: «бір бөлмелі» орта есеппен 11,2 жылда, «екі бөлмелі» 13,9 жылда, «үш бөлмелі» 14,9 жылда өтеледі.

Қызығы, Алматыда керісінше жағдай байқалады: үш бөлмелі пәтерлер ауданы кіші тұрғын үйге қарағанда тезірек өтеледі — 9,9 жыл, ал екі бөлмелі мен бір бөлмелі пәтерлерде бұл көрсеткіш 10,1 жыл. Астанада «бір бөлмеліні» орта есеппен 8,7 жыл, «екі бөлмеліні» 9,7 жыл, «үш бөлмеліні» 9,8 жыл жалға беруге тура келеді.

Атап өтейік, соңғы бір жылда қарастырылған қалалардың көпшілігінде бір бөлмелі тұрғын үй ұзағырақ өтелетін болды: орта есеппен мерзім 8 жылдан 8,2 жылға ұлғайды. Мерзім әсіресе Көкшетауда (1,9 жылға), Оралда (1,8 жылға) және Астанада (1,5 жылға) айтарлықтай ұзарды. Алайда кейбір қалада үрдіс керісінше болды: Ақтауда (2,5 жылға), Петропавлда (1,4 жылға) және Павлодарда (1,2 жылға) пәтерлер тезірек өтелетін болды.

Көрсетілген мерзімдер шамамен алынған. Есептеу кезінде пәтерді сатып алу құны мен оны жалға беруден түсетін ықтимал табыс ескеріледі. Алайда нақты табыстылық төмен болуы мүмкін, өйткені тұрғын үй иесі қосымша шығындарға немесе жалға алушылар арасындағы үзіліс кезеңдеріне дайын болуы керек. Бұған дейін сарапшы жалға берілетін тұрғын үйдің табыстылығын төмендетуі мүмкін нюанстарды егжей-тегжейлі айтып берген болатын.