Қазақстанда 2026 жылға белгіленген 69 049 теңге көлеміндегі ең төменгі зейнетақыға мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі кірмейді — ол бөлек есептеліп, тағайындалады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитеті хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Ведомствоның түсіндіруінше, еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жиналған азаматтарға ынтымақты зейнетақы тағайындалады. Оған қоса олар базалық зейнетақы төлемін алады, оның мөлшері өтіліне байланысты.
2026 жылы ең төменгі базалық төлем ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын, яғни 35 596 теңгені құрайды. Ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 118 пайызына, яғни 60 005 теңгеге жетеді. Ынтымақты және базалық бөліктерден бөлек, зейнеткерге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) жинақтары есебінен төлемдер тағайындалуы мүмкін.
Зейнеткерлердің қорытынды сомалары әртүрлі, себебі олар еңбек өтілінің ұзақтығына, жалақыға және БЖЗҚ-дағы жинақ көлеміне байланысты.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдері болжам бойынша 8,5 пайызға өседі. Индекстеудің түпкілікті мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен бекітілуі тиіс. Егер төлем 100 мың теңге болса, 8,5 пайызға өскеннен кейін ол 108,5 мың теңгеге дейін артады.
Зейнетке шығатын азаматтарға шамамен бір жыл бұрын еңбек кітапшасын тексеру ұсынылады. Онда еңбек қызметі туралы толық әрі дұрыс жазбалар, ұйымдардың мөрлері, жұмысқа қабылдау және жұмыстан шығару туралы бұйрықтардың мәліметтері, сондай-ақ тиісті күндер болуы керек.
Құжаттарды өз бетінше, тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорация бөлімшесінде немесе Халықты әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментінде тексеруге болады.
Бұған дейін «Курсив» 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік тек БЖЗҚ-ға нақты салынған қаражатқа ғана қолданылатынын, ал инвестициялық табысқа қолданылмайтынын жазған болатын.


