2050 жылға қарай Қазақстан халқы 26,5 миллион адамға жетуі мүмкін, ал мемлекетке зейнеткерлерді қамтамасыз ету қиындай түспек. Сондықтан азаматтарға қартайған күнге алдын ала дайындалу қажет, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) демографиялық болжамдары бойынша, ел халқының саны өсе береді. Алайда жас құрылымы да өзгереді: өмір сүру ұзақтығы артады, ал туу көрсеткіші төмендейді, бұл егде жастағы азаматтар үлесінің өсуіне әкеледі. Мәселен, 2021–2025 жылдары қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 70,23 жастан 75,97 жасқа дейін өсті.

Қазіргі уақытта 65 жастан асқандар ел халқының 9,6%-ын құрайды. БЖЗҚ мен БҰҰ болжамы бойынша, 2050 жылға қарай 60 жастан асқан азаматтардың үлесі 18,8%-ға дейін артады. Нәтижесінде 65 жастан асқан бір адамға еңбекке жарамды жастағы небәрі 3,42 адам келеді. Салыстыру үшін: 2012 жылы бұл көрсеткіш 7,68 болса, 2025 жылы – 4,95.

БЖЗҚ демографиялық өзгерістер аясында жинақтаушы зейнетақы жүйесінің рөлі артатынын атап өтеді. Қарапайым тілмен айтқанда, болашақта азаматтардың зейнетақы табысы мемлекеттік төлемдерге емес, жеке жинақтарына көбірек тәуелді болады. Қазақстандықтарға демографиялық жағдай мен бюджет мүмкіндіктеріне азырақ тәуелді болу үшін жеке зейнетақы капиталын алдын ала қалыптастыру ұсынылады.

Ол үшін азаматтар: ресми жұмыс істеп, зейнетақы жарналарын тұрақты төлеу; ерікті зейнетақы жарналарын енгізу; жинақтарының инвестициялық стратегиясына өз бетінше әсер ету – бұл мүмкіндік 2026 жылдың 7 қыркүйегінен бастап пайда болады. Бұған дейін БЖЗҚ зейнетақыға жинақтаудың маңыздылығын және жас кезінде жинақты тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсамау керектігін де түсіндірген болатын.