Әлемге әйгілі әнші Энрике Иглесиастың 3 қыркүйекте елордада өтетін көптен күткен концерті қарсаңында Астана әкімдігі қала тұрғындарына маңызды хабарламамен үндеу жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әкімдіктің баспасөз қызметі концерттің сағат 20:00-де басталатынын еске салды. Көрермендерге қолайлы жағдай жасау және көлік жүктемесін азайту үшін сол күні арнайы шаттл-бағыттар ұйымдастырылады. Автобустар сағат 16:00-ден бастап қаланың төрт нүктесінен «Астана Арена» стадионына дейін, сондай-ақ іс-шара аяқталған соң кері бағытта жолаушыларды жеткізуді қамтамасыз етеді.

Арнайы көлік қозғалысының бағыттарына мына тұрақтар кіреді: елордалық цирк маңы, «Хазрет Сұлтан» мешіті, Қажымұқан көшесіндегі «Қазақстан» спорт кешені және «Нұр-Сұлтан» мешіті (бас мешіт).

«Шаттл-бастар екі бағытта да – концерт басталғанға дейін және ол аяқталғаннан кейін қатынайды. Қосымша шаттл-бағыттардың іске қосылуы жолдардың шамадан тыс жүктелуін болдырмауға мүмкіндік береді және елорданың барлық тұрғындары үшін жайлы жүріп-тұру жағдайын қамтамасыз етеді», – делінген ресми хабарламада.

Сонымен қатар, көрермендер концерт өтетін орынға тез әрі ыңғайлы жетуге мүмкіндік беретін «Тарлан Астана» жеңіл рельсті көлігін пайдалана алады.

Еске сала кетейік, наурыз айында Энрике Иглесиас Қазақстанда екі концерт беретінін мәлімдеген болатын: Алматы мен Астанада. Алматыдағы өнер көрсету 5 қыркүйекке жоспарланған.