Әлемге әйгілі әнші Энрике Иглесиас Астанаға келді, бүгін оның көптен күткен концерті өтеді. Әртіс Қазақстандағы жанкүйерлерімен бірге түскен кадрларды әлеуметтік желіде бөлісіп үлгерді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде Энрике Иглесиастың елордаға келген сәтін бейнелейтін фотосуреттер мен бейнежазбаларды белсенді түрде жариялауда. Instagram-дағы Aizhanmua деген қолданушы өзге қыздармен бірге әншінің портреттерін ұстап, ұшу аймағында оны күтіп тұрғанын көрсететін ролик жариялады. Кадрларда Иглесиастың паспорттық бақылау қызметкерімен суретке түсіп қана қоймай, оны күтіп тұрған жанкүйерлерге де бірлескен суретке түсуден бас тартпағаны көрінеді.

Қазақстандағы концерттерге арналған Galaconcert.kz аккаунты Энрикенің ұшақтан түсіп келе жатқанын бейнелейтін видео жариялады. Роликке берілген сипаттамада: «Энрике екеуміз бір ауамен тыныстап жатырмыз» делінген.

Сонымен қатар, желіде жасанды интеллект көмегімен жасалған Иглесиастың бейнесі бар күлкілі мемдер пайда болды.

Еске салайық, наурыз айында атақты орындаушы Қазақстанда қыркүйекте Алматы мен Астанада өтетін екі концертін жариялаған болатын. Астанадағы өнер көрсету 3 қыркүйекке жоспарланған, ал Алматыда әртіс 5 қыркүйекте сахнаға шығады. Астана әкімдігі көрермендерге ыңғайлы болу және көлік жүктемесін азайту үшін концерт күні арнайы шаттл бағыттары ұйымдастырылатынын хабарлады. Сондай-ақ, іс-шара өтетін көшелерде қозғалыстың шектелетіні белгілі болды.