Өскеменде полиция қызметкерлері екі жас жігітті ұстап, олардан есірткі заты бар 91 орама тәркіледі. Күдіктілердің бірі қамауға алынса, екіншісі үй қамағына отырғызылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымы фактісін жолын кесті. Қала тұрғындары — 18 және 19 жастағы екі жігіт ұсталып, олар есірткі заттарын сату мақсатында, бір топ адам болып сақтады деген күдікке ілінді.
Жеке тінту кезінде күдіктілерден құрамында тыйым салынған заттар бар 91 орама табылып, тәркіленді. Сот-сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген заттардың құрамынан психотроптық заттар анықталды: жалпы салмағы 25,29 грамм мефедрон, 27,21 грамм α-PVP және 6,24 грамм каннабис шайыры. Бұл көлемдер ерекше ірі мөлшерге жатады.
Қазіргі уақытта осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілердің біріне қатысты үй қамағы түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалса, екіншісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.


