2030 жылға қарай Еуропа қызмет мерзімі аяқталатын 1 миллионнан астам электромобиль аккумуляторын қайта өңдеу мәселесіне тап болуы мүмкін. Сарапшылар қазірдің өзінде тиісті инфрақұрылымды дамытуға шақырып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әлемде электромобиль сатылымы өсіп келеді. Олардың үлесі жаңа көліктердің әлемдік нарығының төрттен бірін құрап отыр, ал тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Еуропада 1,24 миллионнан астам электркөлік сатылды – бұл өткен жылмен салыстырғанда 33,7 пайызға артық.
Алайда бұнымен қатар жақын арада қайта өңдеуді қажет ететін батареялар саны да артып келеді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегінше, алдағы төрт жылда шамамен 1,2 миллион аккумулятор қалдыққа айналуы мүмкін. 2040 жылға қарай олардың саны 14 миллионға жетуі ықтимал.
Литий-ионды батареяларды қайта өңдеуге болады, бірақ бұл процесс әлі де қымбат және технологиялық тұрғыдан күрделі. Еуропада аккумуляторларды бөлшектеуді автоматтандыруға, құнды материалдарды алуды қазіргі 50 пайыздан 90-95 пайызға дейін арттыруға және батареялардың бір бөлігін қайта пайдалануға – мысалы, энергия жинақтау жүйелерінде – мүмкіндік беретін технологиялар әзірленуде.
«Электромобильдер көміртегі шығарындылары аз экономикаға көшуде маңызды рөл атқарады, бірақ олардың ұзақ мерзімді табысы қалдықтар ағынын қаншалықты тиімді басқаратынымызға байланысты», – деп атап өтті Valpak компаниясының өкілі Джеймс Скифмор.
Аккумуляторларды қайта өңдеу мәселесі Қазақстан үшін де біртіндеп өзекті бола түсуде. Бұған дейін елімізде автобустарды қосқанда шамамен 21 мың электромобиль тіркелгені хабарланған болатын. Әзірге олардың көпшілігі батареялардың қызмет мерзімінің аяқталуынан алыс, бірақ парк өскен сайын аккумуляторларды қауіпсіз қайта өңдеу және олардағы материалдарды қайта пайдалану маңыздылығы арта түспек.


