Венгрия футбол федерациясының басшысы әрі ФИФА вице-президенті Шандор Чаньи ұйым президенті Джанни Инфантиноға деген сенімін жоғалтқанын айтып, оны ашық сынға алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Чаньи ФИФА-ның бас операциялық директоры Кевин Ламур қызметтен босатылғаннан кейін Инфантиноға жолдаған хатында президенттің кәсіби қасиеттеріне, этикалық стандарттарына және көшбасшылық қабілетіне наразылық білдірген. Ол Ламурдың жұмыстан шығарылуын «соңғы тамшы» деп атап, бұдан былай Инфантиноны қолдай алмайтынын жеткізген.

Осылайша, Чаньи ФИФА-ның сегіз вице-президентінің ішінде Инфантиноны отставкаға кетуге шақырған бесіншісі болды. Бұған дейін әлемдік футболдың басқа да жоғары лауазымды тұлғалары оған қарсы пікір білдірген еді.

ФИФА-дағы жанжал ұйымның әлем чемпионаттарын — ерлер, әйелдер және клубтық — өткізу құқығын жеке инвесторларға сатуды ұсынғаннан кейін өршіді. Бұған жауап ретінде Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) барлық мүшелері бұл бастама кері қайтарылғанға дейін ФИФА турнирлеріне бойкот жариялады.

УЕФА-ның ұстанымын Америка мен Азияның футбол конфедерациялары қолдады. Олар да ФИФА-ны жаңа коммерциялық тұжырымдаманы қалыптастыруда жеткілікті ашықтық танытпады деп айыптады. Жанжал аясында ФИФА басшысының кеңесшісі наразылық ретінде жұмыстан кеткені белгілі болды, ал УЕФА тіпті өз әлем чемпионатын өткізу жоспарын әзірледі.

Кейін ФИФА жанжалды жобаны жүзеге асырудан бас тартты, алайда ұйым басшылығы Инфантиноға қолдау білдіріп, ӘЧ құқығын сату жоспарындағы қателіктерді мойындады. Сондай-ақ ФИФА Джанни Инфантиноның беделіне нұқсан келтіру әрекеттері болғанын мәлімдеді.

АҚШ футбол федерациясы басқа ұлттық қауымдастықтармен бірлесіп, ФИФА басқару құрылымына өзгерістер енгізуді талап етті. Ал 18 тамызда ФИФА-ның бас операциялық директоры Кевин Ламурдың жұмыстан босатылғаны белгілі болды, бұл Чаньидың хат жазуына себеп болды.