Қазақстанда қаржылық қызмет тұтынушылары банктерге тікелей жүгіне алатын FinOtinish цифрлық платформасының пилоттық нұсқасы іске қосылды. Сервисті Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бастамашылық етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа құрал қарыз алушыларға қаржы ұйымына өтініш беріп, оның қаралу барысын бақылау мүмкіндігін береді. Егер мәселе банк деңгейінде шешілмесе, өтінішті банк омбудсманына жіберуге болады.
Өтінімді рәсімдеу кезінде пайдаланушы өзін қызықтыратын тақырыпты таңдайды — мерзімі өткен төлемдер мен банктен келген қажетсіз қоңыраулардан бастап кешбэк мәселелері мен мобильді қосымшаның жұмысындағы ақауларға дейін.
Қазіргі таңда платформа арқылы екінші деңгейдегі төрт банкке жүгінуге болады: Freedom Bank, «Банк ЦентрКредит», Alatau City Bank және «Отбасы банк».
Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша қалған банктерді кезең-кезеңімен қосу және платформаның тұтынушылар үшін қолжетімділігін кеңейту жоспарлануда.
Сервисті пайдалану ерікті және тегін. Сонымен қатар азаматтардың Агенттікке e-Otinish жүйесі арқылы, банк омбудсманына немесе сотқа жүгіну мүмкіндігі сақталады.
Бұған дейін Қазақстанда қарыз алушылар өз қарыздарын барлық кредиторлармен бірден реттеуге мүмкіндік беретін Finkelisim.kz бірыңғай платформасы іске қосылған болатын.


