Францияның Иссуар қаласында белгісіз біреулер Сальвадор Дали жасаған «Апокалипсис кітабының» қола мұқабасын ұрлап кетті. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлады.
The Telegraph дерегінше, туынды Иссуардағы Заманауи өнер орталығынан жоғалған. Мұқаба алтынмен, асыл тастармен және қабыршақтармен безендірілген. Клермон-Ферран прокуратурасы бұл жұмысты «ерекше әрі бірегей» деп атап, оның құны өте жоғары екенін атап өтті.
Тек мұқабаның салмағы 150 келі, ал кітаптың өзі шамамен 210 келі тартады. Қылмыскерлердің соншалықты ауыр затты қалай алып шыққаны әзірге белгісіз. Полиция мұражайды бұзуға тура келген-келмегенін де хабарлаған жоқ.
Иссуар мэрі Бертран Барро бұл жоғалтуды «баға жетпес» деп атады. «Бұл — өмір бойы жасалған еңбек», — деді ол.
Туындының иесі Кристиан Карутзос ұрлық Францияның мәдени мұрасына соққы болғанын мәлімдеді. «Олар кеше түнде Францияны өлтірді, олар француз мұрасын өлтірді», — деді ол жергілікті радиоға.
«Апокалипсис кітабы» 1958 жылы баспагер Жозеф Форэнің ойынан шыққан. Оны жасауға 14 танымал суретші мен жазушы қатысты, олардың қатарында Жан Кокто, Бернар Бюффе және Жан Жионо бар. Дали басылым үшін қола мұқаба жасады.
Туындының өзі 150 үлкен пергамент парағынан тұрады. Каллиграфиялық жұмысқа шамамен 2 мың сағат кеткен, ал 550 әріп алтынмен жазылған.
Тергеуді Клермон-Ферран жандармериясының тергеу бригадасы жүргізіп жатыр. Ұрлық француз мұражайларына жасалған бірқатар шабуылдың аясында болды.
Өткен жылдың қазанында Луврдан құны шамамен 88 млн еуро болатын француз тәжінің асыл бұйымдары ұрланған. Шілдеде Лалик мұражайынан 4,5 млн еуро тұратын 27 зат алынса, қыркүйекте Ренуар мұражайынан төрт картина ұрланды.


