Freedom Holding Corp. заңгерлері Ресей Федерациясы Бас прокуратурасы берген әкімшілік талап-арызды зерделеуге кірісті. Бұл туралы холдингтің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Ресей Федерациясының аумағында қызмет жүргізбейміз, активтеріміз жоқ. Осы істі зерделеп, материалдарымен танысып жатырмыз. Түсініксіздік білдіреміз», — деді Freedom Holding баспасөз қызметі.
Мәскеудің Тверь аудандық сотының картотекасындағы деректерге қарағанда, әкімшілік талап-арыз ағымдағы жылдың 24 қыркүйегінде тіркелген. Іс бойынша талап қоюшы — Ресей Федерациясы Бас прокурорының орынбасары. Алайда талаптың мәні ашылмай отыр.
Әкімшілік жауапкерлер ретінде W-Empirical Holding Corp., Freedom Holding Corp. және Freedom Finance Europe Ltd. компаниялары көрсетілген. Іс бойынша жауапкерлер қатарында жеке тұлғалар — Тимур Турлов және А.С. Щукин де бар. Істі қарауға дайындық аяқталды, тараптардың алдын ала әңгімелесуі 2026 жылғы 15 қазанға белгіленген.
W-Empirical Holding Corp. бұқаралық ақпарат құралдарында 2025 жылдың сәуірінде аталған болатын. Онда Мәскеудің Тверь аудандық соты инвестор Сергей Кулешевке шетелдік акциялардың құнын манипуляциялау ісі бойынша үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде тағайындағаны хабарланған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол сыбайласымен бірге W-Empirical Holding Corp. қаржы компаниясының сауда роботын жаңылыстырған. Сот сондай-ақ W-Empirical Holding Corp.-тың азаматтық талабын қанағаттандырып, Кулешевтен 162 млн рубльге жуық соманы өндіріп алуға үкім шығарған. Бұл сома оның сыбайласымен бірге жалған мәмілелерден алған табысына сәйкес келеді. Қарызды өтеуді қамтамасыз ету үшін Кулешевтің жылжымайтын мүлкі мен барлық шоттарына тыйым салынған.
2022 жылдың қазанында «Курсив» Freedom Holding «Фридом Финанс» инвестициялық компаниясын және «Фридом Финанс» банкі» ЖШҚ-сын «Фридом Финанс» инвестициялық компаниясының бұрынғы бас директорының орынбасары және директорлар кеңесінің мүшесі Максим Повалишинге сатқанын хабарлаған. Холдинг ресейлік активтерден шыққан.
Freedom Holding бас директоры Тимур Турлов 2022 жылы АҚШ резиденттеріне Ресейге кез келген инвестиция салуға тыйым салынғандықтан, ресейлік бизнесті американдық холдинг ішінде сақтау мүмкіндігін көрмейтінін айтқан.
Freedom Holding Corp. — АҚШ-тың Невада штатында тіркелген халықаралық қаржы тобы. Топтың негізгі нарығы Қазақстан болып қала береді, штаб-пәтері Алматыда орналасқан. Холдинг брокерлік, банктік, сақтандыру және төлем бизнесін, сондай-ақ телекоммуникациялық, медиалық және басқа да цифрлық сервистерді дамытып келеді. Freedom Holding Corp. акциялары Nasdaq-та FRHC тикерімен, сондай-ақ Қазақстан қор биржасында (KASE) және Astana халықаралық биржасында (AIX) саудаланады.


