Халықаралық Digital Bridge форумы қарсаңында «Фридом Банк Казахстан» АҚ (Freedom Bank) мен Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) бірлескен кейс ұсынды. Бұл жоба ҚМА әдістемесі мен Freedom Bank-тің AI-Compliance платформасын біріктіру арқылы дроптарға қарсы күреске арналған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде еліміздің қаржы секторында қауіпсіздік шараларын күшейтіп, алаяқтықтың алдын алудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Ол капиталдың заңсыз кетуі мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін айтты.
AI-Compliance цифрлық шешімі іске қосылып, оған ҚМА-ның әдістемелік негізі енгізілгеннен кейін Freedom Bank дроптар желісін қысқа мерзімде анықтайтын болды. Бүгінде Freedom мен ҚМА бірлескен жұмысының нәтижесінде жеті түрлі құқыққа қарсы әрекет бойынша 7 мыңнан астам адам анықталып, бұғатталды. Олардың қатарында заңсыз ойын бизнесі, алаяқтық және есірткінің заңсыз айналымы бар.
«Бұл — банктің ішкі технологиялық жобасы ғана емес. Біз зардап шеккендердің ақшасы криптовалютада біржола жоғалып кетпей тұрып, схеманы тоқтатуға бағытталған жүйе құрдық. ҚМА-мен бірлескен жұмысымыздың нәтижесін нақты кейстерден көріп отырмыз», — деп атап өтті Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Жобаны іске асыру барысында негізгі мақсат — деректерді өңдеу жылдамдығы мен ауқымы адамдарды алаяқтардан нақты қорғайтын прецеденттер жасау болды. Күш-жігерді біріктірудің, нақты әдістеме мен технологиялардың табысты кейсі елдегі қаржылық қылмыстармен күресудің логикасын өзгертіп отыр.
«Басты қиындық күдікті операцияларды табуда емес еді — нарықта мұндай шешімдер жеткілікті. Қиындық жылдамдықта болды: бұрын дроптарды анықтау айларға созылып, бір кейсті қолмен талдау шамамен бес сағат уақыт алатын. Біз дәлдікті жоғалтпай, уақытты минутқа қысқартуды мақсат еттік. Нәтижесінде платформа әрбір күдікті кейс бойынша материалдарды өзі дайындайды, бірақ шешімді әрқашан комплаенс-офицер қабылдайды. Жасанды интеллект мұнда адамды алмастырмайды, керісінше сол уақыт ішінде бірнеше есе көп кейсті өңдеуге мүмкіндік береді», — деді Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов.
Еске салайық, биылғы маусымда Тимур Турлов Жанат Элимановпен кездесуде ҚР ҚМА мен Freedom Holding Corp. арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжат қаржылық мониторингтің цифрлық құралдарын жетілдіру, аналитика мен тәуекелге бағдарланған тәсілдерді дамыту, заманауи RegTech шешімдерін енгізу, сондай-ақ осы саладағы мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған білім беру және сараптамалық бастамаларды жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмысты көздейді.
Анықтама: дроптар — қылмыстық жолмен алынған қаражатты шығару үшін өз банк карталарын беретін адамдар.


