Нидерланд маманы Джон ван ’т Скип Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалғаннан кейін алғашқы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды infohub.kz.
Джон ван ’т Скип жаңа жұмысқа үлкен ынтамен кірісетінін айтты. «Көп еңбек ету керек, бірақ қазақстандықтар — еңбекқор, берік жандар екенін білемін. Біздің міндетіміз — осы еңбекқорлықты дұрыс бағытқа бағыттап, біртұтас команда құрып, қалаған нәтижеге жету. Ең бастысы — бәрі мақтан ететін құрама құруды қалаймыз», — деді ван ’т Скип.
Жаттықтырушы жақын арада ойыншылар мен Қазақстан чемпионатын терең зерттеуді жоспарлап отырғанын, өйткені құраманың ресми ойындары жақында өтетінін атап өтті. Маманның айтуынша, жасы мен мәртебесіне қарамастан барлық футболшының ұлттық құрамаға түсу мүмкіндігі бар. «Барлық кандидатты қадағалаймын: жас ойыншыларды да, дәл қазір шақыруға лайықтарды да. Ойнайтындар — оңтайлы формадағы және алдағы Ұлттар лигасы матчтарына дайын футболшылар», — деп атап өтті бас бапкер.
Еске салайық, бүгін Қазақстан футбол федерациясы нидерланд маманы Джон ван ’т Скиппен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы ретінде жұмыс істеу туралы келісімге келді.


