110 жасқа толған адамдарда зақымдалған құрылымдарды жоюға қабілетті ерекше иммундық жасушалар болады, деп хабарлайды infohub.kz.

Осака университетінің зерттеушілері ұзақ жасаушыларда CD4 цитотоксикалық Т-лимфоциттері деп аталатын ерекше жасушалардың деңгейі жоғары екенін анықтады. Бұған дейін жаспен бірге адамның иммунитеті бірте-бірте әлсірейді деп есептелінетін. Алайда жаңа деректер ұзақ жасаушылардың қорғаныс жүйесі пайда болатын қауіптерге белсенді бейімделіп, қауіпті патологиялардың дамуына жол бермейтінін көрсетіп отыр.

Ғылыми эксперимент барысында мамандар әртүрлі жастағы 28 қатысушының қан үлгілерін талдады. Нәтижелер цитотоксикалық жасушалардың үлесі 100 жастан кейін айтарлықтай артатынын көрсетті. 70 пен 99 жас аралығындағы адамдарда бұл көрсеткіш шамамен 4% болса, 110 жастан асқан ұзақ жасаушыларда орта есеппен 17,6%-ға жеткен.

Ғалымдар ұзақ жасаушылардың иммундық жүйесі созылмалы қауіптермен күресу үшін ең тиімді қорғаныс жасушаларын белсенді түрде көшіретінін анықтады. Молекулалық талдау жасушалардың реакциясы ағзаның қатерлі ісікке жауабына ұқсас екенін көрсетті. Қартаюды баяулатумен тікелей байланысы әлі дәлелденбегенімен, зерттеушілер аномальды жасушаларды үнемі бейтараптандыру денсаулықты терең кәрілікке дейін сақтауға көмектеседі деп санайды.