Орталық Азиядан шыққан білім беру жобасы алғаш рет Гарвард бизнес мектебінің бизнес-кейсіне айналды. Зерттеу орталығында IQanat жобасы тұр. Бұл туралы жоба өкілдері мәлімдеді... деп хабарлайды infohub.kz.
«Әлемдегі үздік бизнес мектептерінің бірі – Harvard Business School – жобаны өзінің оқу кейс-базасына енгізгенде, бұл оның алдында жай ғана шабыттандыратын оқиға емес, әлемнің түрлі елдеріндегі студенттер мен зерттеушілер үшін маңызды, жұмыс істейтін модель тұрғанын білдіреді. Осындай талдаудың орталығында IQanat тұр, ал біз үшін Қазақстанда жасалған тәжірибенің ел шегінен тыс жерлерде қызығушылық тудыруы ерекше маңызды», – деп атап өтті IQanat атқарушы директоры Азамат Ашамаев.
Кейс авторы, профессор Борис Гройсберг жақында АҚШ-тан Қазақстанға ұшып келді. Ал 20 тамызда Боровойдегі IQanat мектебінде кейстің ресми тұсаукесерін өткізді. Борис Гройсберг оқушылармен, түлектермен, мұғалімдермен, қамқоршылармен және қор командасымен – яғни кейстің нақты кейіпкерлерімен сессия өткізді.
Зерттеуде IQanat елдің шалғай ауылдарындағы балалардың академиялық әлеуетін қалай анықтайтыны, оларға білім алуға көмектесетіні және қаржылық тұрақты бірегей модельді дамытатыны баяндалады. Жобаның қамқоршылық жүйесі қайырымдылықты бір реттік әрекет емес, ұзақ мерзімді қолдауға айналдырады. Қазір IQanat-ты 260-тан астам меценат қолдайды, ал кәсіпкерлер оны дамытуға 8 жылдан астам уақыт қатысып келеді.
IQanat олимпиадасынан жыл сайын ондаған мың ауыл баласы өтеді, биыл 60 мыңнан астам. Олардың арасында сапалы білім алу мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар да аз емес. Жобаның басты ерекшелігі – «жеңді – өттің, жеңілді – шықтың» қағидатынан бас тарту: тіпті IQanat мектеп-интернатында оқуға грант алмаған оқушылар да тәлімгерлік және білім беру қолдауы арқылы экожүйеде қалады. Гарвард үшін IQanat моделінің ондаған жылдар бойы жұмыс істеу және өзін-өзі жаңғырту қабілеті ерекше қызықты. Оның бір мысалы – Peer-to-Peer бағдарламасы: ауылдардағы мықты жоғары сынып оқушылары ауылдың кіші сынып оқушыларына тьютор және мұғалім болады. Осылайша қолдау алған бала өзі келесі ұрпаққа көмектесе бастайды, жақсылықты әрі қарай жалғастырады. Қор бағдарламаларының нәтижелері бойынша, жоба түлектерінің 94%-ы грантқа жоғары оқу орындарына түсіп, әлемнің 19 елінде білім алады.
Кейстің тұсаукесеріне IQanat мектебіне Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Рашед Мустафа Сарвар да келді. Ол IQanat балалардың білім сапасы мен адами капиталды дамытудың жоғары стандартын белгілейтінін, ал жоба жинақтаған тәжірибе басқа елдерде бейімдеу мен таратуға лайық екенін атап өтті.
IQanat академиялық директоры Зухра Шегенова: «Гарвард үшін IQanat – Орталық Азиядан шыққан сирек мысал, оны әлеуметтік миссия тұрғысынан ғана емес, әлеуметтік инвестициялардың қайтарымы тұрғысынан да қарастырады. Бұл IQanat-ты аумақтық теңсіздік, ауылдардағы кадр тапшылығы және сапалы білімге қолжетімділіктің шектеулілігі сияқты ұқсас мәселелері бар елдер қолдана алатын модельге айналдырады», – деп атап өтті.
IQanat – ауыл балаларының өмірлік траекториясын өзгертуді қалайтын қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуметтік-білім беру жобасы. Ол оларға білім мен мотивация арқылы күштірек бастапқы мүмкіндіктер береді.


