Дарынды жастарды, педагогтерді және белсенді азаматтарды қолдау, инклюзияны дамыту мен ауқымды білім бастамаларын жүзеге асыру — Нұрсұлтан Назарбаев қорының Ақмола облысындағы күндерінің мазмұнды бағдарламасының негізіне айналған бағыттар. Толығырақ ақпаратты қор өкілдері ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

27-30 қазан аралығында өңірде болған қор қызметкерлері бірқатар маңызды іс-шараларға қатысты. Солардың бірі — «Jas Ustaz Digital: идеядан инновацияға» атты облыстық жас педагогтер байқауы. Байқау цифрлық технологияларға, STEM-тәсілге, педагогикалық зерттеуге және жасанды интеллектті қолдануға негізделген тиімді педагогикалық тәжірибелерді анықтау, қолдау және таратуға бағытталған.

Байқау мына номинациялар бойынша өтті: «Үздік цифрлық сабақ», «Үздік STEM-жоба», «Педагог жұмысындағы жасанды интеллект», «Үздік виртуалды зертхана», «Үздік білім беру цифрлық өнімі», «Инклюзивті білім беруге арналған цифрлық технология», «Үздік педагогикалық зерттеу», «Цифрлық дебют». Нұрсұлтан Назарбаев қоры демеушілік жасап, байқау жеңімпаздарына арнайы жүлделер тағайындады.

Өңірде болу бағдарламасының маңызды бөлігі — қордың жетекші робототехника мектебі «Роботек»-пен бірлесіп ұйымдастырған облыс мұғалімдерін робототехникаға оқыту болды. Оқыту Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігімен келісілген біліктілікті арттыру бағдарламаларының тізбесіне енгізілген «Білім беру және спорттық робототехника саласындағы оқытушылардың кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыру» курсының негізінде жүргізілді.

Жоба педагогтердің біліктілігін арттыруға, олардың оқушыларға робототехника, электроника, инженерия және бағдарламалау салаларындағы білімді жеткізуіне бағытталған.

Өңірлерге әрбір сапар «Қамқорлық» оңалту орталықтарына барусыз өтпейді. «Қамқорлық» жобасы өңірлер әкімдіктерімен, Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорымен және «Қазақстан халқына» ұлттық әл-ауқат қорымен серіктестікте 6 жылдан бері жүзеге асырылуда. Осы уақыт ішінде 61 орталық ашылып, 115 000-нан астам бала оңалтудан өтті.

Көкшетау қаласында оңалту орталығы қордың облыс әкімдігімен және «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп 2022 жылы ашылған. Заманауи жабдықтармен жарақтандырылған орталық 3 жастан 18 жасқа дейінгі тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды қабылдайды. Мұнда күн сайын дефектологтер, психологтер, логопедтер, невролог дәрігерлер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары және басқа да мамандар еңбек етеді. Орталық мамандары Нұрсұлтан Назарбаев қорының қаражаты есебінен үш кезеңді оқытудан өткен.

Орталық жұмыс істеген 5 жыл ішінде шамамен 3 300 баланы қабылдады. Орталыққа барған Нұрсұлтан Назарбаев қорының қызметкерлері мекемеге тұрмыстық техника сатып алуға сертификат табыс етті.

Қор күндерінің өңірлердегі маңызды бөлігі әлеуметтік маңызы бар жұмыстар атқарып жүрген белсенді азаматтарға қолдау көрсету болып қалыптасқан. Ақмола облысына сапар аясында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев қорының атынан «Женский луч» қоғамдық бірлестігіне Степногорск қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы үшін жабдықтар мен материалдар сатып алуға сертификат табыс етілді. «Қорғалжын экологиялық обсерваториясы» жеке мекемесіне Ақмола облысының Жарлыкөл және Жалғызқұдық ауылдарында «Тұрақтылықтың жасыл коды: Қорғалжын экологиялық обсерваториясының эко-клубтарының технологиялық форсайты» ғылыми-практикалық жобасын жүзеге асыру үшін қаржылай көмек көрсетілді.

Мемлекеттік органдармен, білім беру мекемелерімен және белсенді азаматтармен күш біріктіре отырып, қор қоғам өмірінің негізгі салаларына жүйелі түрде инвестиция салып, қазақстандықтардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып келеді.