Қытайдың Geely компаниясы электромобиль батареясын 10%-дан 70%-ға дейін небәрі 4,5 минутта қуаттайтын жүйе әзірледі. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Reuters агенттігінің мәліметінше, мұндай көрсеткішке жету үшін қуаты 2,2 МВт зарядтау инфрақұрылымы мен энергияны жоғары жылдамдықпен қабылдайтын батарея пайдаланылады.

Батареяны қоршаған ортаның қалыпты температурасында 97%-ға дейін 8 минут 40 секундта қуаттауға болады.

Мұндай қуат кезінде басты міндет тек жылдамдық қана емес, сонымен қатар батареяның температурасы мен жай-күйін бақылау болып отыр. Сондықтан Geely жасанды интеллектіні бұлттық жүйеде де, тікелей көліктің өзінде де қолданады.

Технология батареяның жұмысын модельдеп, терең оқыту алгоритмдерінің көмегімен оның жай-күйін қадағалайды, температуралық режимді басқарады және ықтимал ақауларды болжайды.

Бұл жаңа жүйе BYD компаниясының жылдам қуаттау саласындағы жетістіктеріне жауап ретінде жасалған сияқты. Бұған дейін ол батареяны 10%-дан 97%-ға дейін тоғыз минутта қуаттай алатын технологиясын таныстырған. Осылайша, қытайлық өндірушілер енді тек жүріс қоры мен қуаты үшін ғана емес, электромобильдерді қуаттау жылдамдығы үшін де бәсекелесіп отыр.

Бұған дейін Курсив Авто Geely Galaxy TT Қытай нарығына 8,7 млн теңгеден шыққанын жазған.