Қытайда Geely Galaxy E5 кроссоверінің жаңартылған нұсқасы сатылымға шықты. Халықаралық нарықтарда ол Geely EX5 деген атпен танымал. Көлік артқы жетек, 800 вольттық архитектура, 6C қуаттау жүйесі және қуаты 329 а.к. электр қозғалтқышымен жабдықталған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа модель бес нұсқада ұсынылды. Қытайдағы бағасы 97,8 мың юаннан басталады, ең қымбат комплектациясы 137,8 мың юань тұрады. 530km Global Classic нұсқасы — 97,8 мың юань (6,5 млн теңге), 550km Smart Charging Voyage — 107,8 мың юань (7,2 млн теңге), 550km Smart Charging Exploration — 115,8 мың юань (7,7 млн теңге), 635km Smart Charging Exploration+ — 125,8 мың юань (8,4 млн теңге), ал топтық 635km Smart Charging LiDAR — 137,8 мың юань (9,2 млн теңге).
Қымбатырақ төрт нұсқа 800 вольттық архитектураға көшіп, артқы осьте орналасқан қуаты 245 кВт (329 а.к.) электр қозғалтқышын алды. Бұл алдыңғы нұсқамен салыстырғанда 114 а.к. артық. Базалық EX5 алдыңғы жетекті, 400 вольттық жүйе мен қуаты 160 кВт (215 а.к.) қозғалтқышты сақтап қалды.
Батарея сыйымдылығы 60,22, 61,52 немесе 70,01 кВт·сағ құрайды. Қытайдың CLTC циклі бойынша жүріс қоры 530, 550 және 635 км деп мәлімделген. Жылдам қуатталатын нұсқалар 6C технологиясын пайдаланады. Батареяны 10%-дан 80%-ға дейін шамамен тоғыз минутта қуаттауға болады.
Топтық Geely EX5 алғаш рет шатырдағы лидармен және G-Pilot H5 интеллектуалды жүргізу жүйесімен жабдықталды. Оның мүмкіндіктері қатарында қалалық және қала сыртындағы жолдарда автопилот көмегімен навигациялау, автоматты тұрақтау және жүргізушіге көмектесетін басқа да функциялар бар.
Салонда диагоналі 15,4 дюйм, ажыратымдылығы 2,5K орталық экран және 10,2 дюймдік цифрлық аспаптар тақтасы орнатылған. Сондай-ақ проекциялық дисплей, қуаты 50 Вт сымсыз смартфон қуаттағышы және Flyme Auto 2 жүйесі қарастырылған. Кроссовер бұрынғы EX5-те болмаған көлемі 160 литр алдыңғы жүксалғышқа ие болды.
Қазақстан нарығында Geely Galaxy EX5 әзірге PRO және MAX нұсқаларында ұсынылып отыр. Бағасы 13,9 млн теңгеден басталады. Екі комплектация да алдыңғы жетекпен және 218 а.к. электр қозғалтқышымен жабдықталған, батарея сыйымдылығы 60,2 кВт·сағ құрайды.
Қазақстандық EX5-тердің жүріс қоры WLTP циклі бойынша 430 км-ге жетеді. 100 км/сағ жылдамдыққа дейін үдеу 6,9 секунд алады, ал 10%-дан 80%-ға дейін жылдам қуаттау 28 минутқа созылады.
Осылайша, Қытайда жаңартылған EX5 Қазақстанда қолжетімді модельден айтарлықтай ерекшеленеді. Жаңа нұсқалар жергілікті дилерлерге қашан жететіні әзірге белгісіз.
Бұған дейін Курсив Авто Geely компаниясы Қытайда жаңа Preface L Plus сатылымын бастағанын хабарлаған болатын.


