World Boxing президенті әрі Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің төрағасы Геннадий Головкин украиналық «Миротворец» сайтының дерекқорына енгенін infohub.kz хабарлайды.

Геннадий Головкиннің деректері бар жазба сайтта сенбі, 15 тамызда пайда болды. Дерекқорға енгізу себебі ретінде World Boxing федерациясының ресейлік спортшыларға қатысты шектеулерді алып тастауы көрсетілген — ресейлік боксшылар халықаралық турнирлерде ұлттық рәміздермен өнер көрсете алады.

ТАСС мәліметінше, жанжалды «Миротворец» сайты 2014 жылы құрылған. Онда Қырымға, Донбасқа барған немесе өзге де себептермен ресурс авторларының теріс бағасын алған журналистер, әртістер мен саясаткерлердің заңсыз жолмен жиналған жеке деректері сақталады.

Еске салайық, 2025 жылдың қарашасында Римде World Boxing Конгресі өтіп, онда қазақстандық Геннадий Головкин ұйым президенті ретінде ресми бекітілген еді. Ал биылғы шілдеде Геннадий Головкин басқаратын World Boxing ресейлік боксшыларға қатысты шектеулерді алып тастағанын мәлімдеді.