Ресей мен Таяу Шығыстан жанармай жеткізудегі үзілістер әлемдік дизель қорын азайтып жатыр. Жыл соңында мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы қалпына келсе де, жоғалтқанды тез толтыру мүмкін болмайды. Бұл туралы Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) ескертті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ХЭА-ның қазан айындағы есебіне сәйкес, қыркүйекте Ресей мен Таяу Шығыстан дизель экспорты былтырғымен салыстырғанда тәулігіне 1,3 млн баррельге қысқарған. Басқа жеткізушілер бұл шығынды тек ішінара өтеді: жалпы әлемдік экспорт тәулігіне шамамен 700 мың баррельге азайды.
Үзілістерге байланысты елдер күзгі жөндеу жұмыстары мен қысқы сұраныс шыңы алдында жанармай қорын жұмсап жатыр. Әдетте осы кезеңде қор толықтырылатын.
ХЭА жыл соңына қарай өңдеудің қалпына келуі қорды толықтыруға жәрдемдеседі деп күтеді. Алайда бұл жинақталған тапшылықты жабуға жеткіліксіз. Агенттіктің болжамынша, нарықтағы шиеленіс 2027 жылдың бірінші жартысында сақталып, екінші жартысында бәсеңдей бастайды.
Қыркүйекте әлемдік дизель бағасы барреліне 200 доллардан асқан. Кейін ол төмендеді, бірақ дағдарысқа дейінгі деңгейден екі есе дерлік жоғары болып тұр.
«Дизельдің рекордтық бағасы қазірдің өзінде кең экономикалық салдар туғызып, тауар құнын қымбаттатып, нақты табысқа, экономикалық белсенділікке және инфляцияға әсер етіп отыр», — делінген ХЭА есебінде.
Жеткізілімнің қалпына келуі әлі де осал: Таяу Шығыстағы энергетикалық инфрақұрылым мен кемелерге жаңа шабуылдар экспортты қайта шектеуі мүмкін.
Бұған дейін «Курсив» жазғандай, жазда Ресейдегі жанармай дағдарысы аясында ҚР Энергетика министрлігі Қазақстанда бензин мен дизель отынының тапшылығы жоқ деп мәлімдеген. Ведомствоның дерегінше, жанармай қоры нормативтерге сай, ішкі нарықтағы жағдай тұрақты.


