Қазақстан Ішкі істер министрлігі көлік жүргізу кезінде кіріктірілген камерасы бар «ақылды» көзілдірікті пайдалану әкімшілік айыппұлға әкелуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді. Ресми сауалға Алматыдағы оқиға себеп болды: жергілікті тұрғын әлеуметтік желідегі Threads парақшасында көлік жүргізіп бара жатқанда телефон ұстағаны үшін айыппұл салынатынын естігенін, алайда шын мәнінде Ray-Ban Meta көзілдірігімен бейне түсіріп, оны әлеуметтік желіге жариялағанын жазды. Кейін бейнероликті өзін полиция қызметкері деп таныстырған адам байқаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ тілшісінің сауалына жауап ретінде ІІМ түсіндіргендей, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 591-бабы көлік құралын басқару кезінде жүргізушінің телефон немесе радистанцияны пайдалануы үшін әкімшілік жауапкершілік белгілейді.
«Осылайша, жүргізуші ұялы телефонды пайдаланбаған жағдайда, кіріктірілген камерамен жабдықталған «ақылды» көзілдірік арқылы бейне түсіру аталған бапта көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамын құрамайды», — деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Ведомство жүргізушінің әрекеттеріне құқықтық баға нақты мән-жайлар мен тиісті құрылғыны пайдалану сипаты ескеріле отырып берілетінін қосты.
«Жол жүрісі қағидаларына сәйкес жүргізушіге көлік құралын басқару кезінде телефон немесе радистанцияны пайдалануға тыйым салынады, оларды құлаққап немесе дауыс зорайтқыш арқылы пайдалануды қоспағанда. Ал кіріктірілген камерасы бар «ақылды» көзілдірік аталған құрылғыларға тікелей жатпайды. Оларды пайдалану мәселесі құрылғының функционалдық мүмкіндіктері мен жүргізушінің нақты әрекеттері ескеріле отырып қаралуға тиіс», — деп толықтырды ведомство.
ІІМ атап өткендей, негізгі шарт — жүргізушінің көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланғаны фактісінің анықталуы.


