Түркістанда халықаралық симпозиум аясында Әзірбайжан, Венгрия, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанның конституциялық сот өкілдері, БҰҰ мен ЕҚЫҰ сарапшылары, сондай-ақ АҚШ, Германия, Словения, Литва, Түркия және Орталық Азия елдерінің ғалымдары бас қосты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, еліміздің тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған II «Мәдениеттер диалогы-2026» халықаралық симпозиумының негізгі тақырыптары — құқық пен мәдениет, әділеттілік пен мемлекеттілік, адам құқықтары және азаматтық жауапкершілік болды.

Қазақстан Республикасының вице-президенті Ерлан Карин симпозиум қатысушыларына сөз арнап, конституцияның қоғамдық келісім ретіндегі маңызын ерекше атап өтті.

Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова пленарлық отырысты аша отырып, симпозиум 2025 жылы басталған және конституцияның үстемдігі мәдениетін нығайтуға бағытталған халықаралық кәсіби диалогтың жалғасы екенін айтты.

«Конституция мемлекеттің құндылық бағдарларын айқындайды, мәдениет олардың қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналуына ықпал етеді, ал азаматтық жауапкершілік нақты іс-әрекеттер арқылы олардың жүзеге асуын қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Эльвира Азимова.

Сонымен қатар ол конституциялық құндылықтарды қоғамдық санаға сіңіру мәселесін көтерді.

Облыс әкімі Нұралхан Күшеров Түркістанның өркениеттерді жақындастырудағы тарихи миссиясы мен халықаралық ғылыми-мәдени ынтымақтастықтағы әлеуетіне тоқталды.

«Заң қағазға жазылады, ал әділеттілік қоғам санасына сіңеді. Бір кездері хандар ел тағдырын шешіп, билер әділдік орнатқан Түркістанда бүгін әлемнің жетекші құқықтанушылары заманауи мемлекеттіліктің болашағын талқылап жатыр», — деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Түркістанның өркениеттерді біріктірудегі ғасырлар бойғы дәстүрі бүгін жаңа мазмұнмен жалғасын табуда.